«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП»: ОТЫРАРДА ТҰРҒЫНДАРҒА ИНТЕРНЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Отырар ауданында «Цифрлық қауіпсіздік және заң» тақырыбында маңызды ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Басты мақсат — тұрғындардың цифрлық құқықтық сауаттылығын көтеру, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, алаяқтық пен адам саудасының алдын алу.

Жиын барысында Отырар аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция капитаны Зубайра Надирова интернет-алаяқтықтың заманауи түрлері, жеке мәліметтерді қорғау шаралары және күмәнді сілтемелерден сақтану жолдарын жіті түсіндірді. Өз кезегінде сот орындаушысы Нұржан Тілеубергенұлы атқарушылық іс жүргізу заңнамасының талаптары мен сот актілерін орындаудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар шара барысында адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушыларға еңбек және жыныстық қанаудың белгілері, жалған жұмыс ұсыныстары мен заңсыз көші-қон тәуекелдері түсіндіріліп, қиын жағдайда уәкілетті органдарға дер кезінде жүгіну қажеттігі айтылды. Жиынға «Жастар ресурстық орталығы» мен «Отбасын қолдау орталығының» мамандары қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Мұндай ауқымды шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар