Туған өлкенің көркейіп, таза болуы тұрғындардың санасы мен жанашырлығынан басталатыны белгілі. Осы мақсатта Арыс қаласының «Құрметті азаматы», Түркістан облысының «Құрметті ақсақалы» Ізбасар Назаров қала тұрғындарына, барлық мекеме, кәсіпорын және кәсіпкерлік нысандардың басшылары мен иелеріне маңызды үндеу жолдады. Ардагер туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ құндылық екенін, ал қоршаған ортаны таза ұстау әрбір азаматтың мәдениетін көрсететін басты көрсеткіш екенін баса айтты.
Таза аула мен көрікті көше – халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруінің маңызды кепілі. Осыған байланысты ақсақал әрбір тұрғынды өз үйінің айналасын ұдайы таза ұстауға, тұрмыстық қалдықтарды тек белгіленген орындарға шығаруға, аулаларда арамшөп пен шөптің шамадан тыс өсуіне жол бермеуге және санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. Қаланың санитарлық ахуалын тұрақты ұстау тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барша қала тұрғындарының ортақ міндеті екені атап өтілді.
Қала аумағындағы тәртіпті күшейту мақсатында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап үй маңындағы тазалық пен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Дегенмен, ардагер бұл мәселені тек қатаң талап немесе міндет ретінде емес, туған жерге деген шексіз құрмет пен сүйіспеншілік деп қабылдауға шақырды. Әрбір азамат өз ауласының, көшесі мен қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қараса, қаланың көркі де арта түспек. Сондықтан арыстықтар туған қаласының көркеюіне өз үлесін қосып, бұл игі іске бір кісідей жұмыла атсалысады деген сенім мол.
