30 ШАҚЫРЫМДЫҚ СЫНАҚТАН ӨТКЕН ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР ҚЫЗЫЛ КҮРЕҢ БЕРЕТ АЛДЫ

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қызыл күрең берет кию құқығына ие болды. Оны иелену үшін 170 үміткер бақ сынап, бірнеше күрделі сынақтан өтті.

Арнайы операциялар күштерінің оқу орталығында қызыл күрең берет кию құқығына арналған жыл сайынғы біліктілік сынақтары ұйымдастырылды.

Қызыл күрең берет – Арнайы операциялар күштерінің айрықша нышаны. Ол әскери қызметшілерге лауазымы мен еңбек өтіліне қарай берілмейді. Бұл мәртебеге тек кәсіби дайындығы, төзімділігі мен шеберлігін сынақ барысында дәлелдеген әскери қызметшілер ғана қол жеткізе алады.

Біліктілік сынақтарының бағдарламасына әскери даярлықтың бірнеше бағыты енгізілді. Үміткерлер таулы жердегі даярлық, медициналық және радиодаярлық, әскери-жарылыс ісі, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеу бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетті.

Сондай-ақ атыс даярлығына ерекше мән берілді. Қатысушылар нысана көздеудегі дәлдігін, қаруды меңгеру деңгейін және жоғары жүктеме жағдайында зейінін сақтай білу қабілетін дәлелдеуі керек болды.

Сынақтың ең күрделі кезеңдерінің бірі – арнайы тапсырмаларды орындай отырып, 30 шақырымдық марш жасау. Бұл кезең қоян-қолтық ұрыс жекпе-жектерімен аяқталды. Үміткерлерден физикалық төзімділікпен қатар, психологиялық тұрақтылық та талап етілді.

Іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өтіп, қажетті дайындық деңгейін дәлелдеген әскери қызметшілерге қызыл күрең берет кию құқығы берілді. Береттер оларға салтанатты жағдайда табысталды.

Айта кетейік, қызыл күрең беретті иелену оны өмір бойы киіп жүруге кепілдік бермейді. Егер берет иегері кәсіби даярлықтың қажетті деңгейін немесе басшылық пен ұжымның сенімін жоғалтса, оны тағу құқығынан айырылуы мүмкін.

Қызыл күрең берет кию құқығына арналған біліктілік сынақтарын өткізу дәстүрі бірқатар мемлекеттердің, сондай-ақ Қазақстанның басқа да ведомстволарының арнайы бөлімшелерінде қалыптасқан.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар