Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді.
Делегация құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар.
Сапар аясында жұмыс тобы Түркістан қаласындағы бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысандарды аралап, азаматтық қоғам өкілдерімен, ғалымдармен, оқытушылармен, студенттермен, қала тұрғындарымен және медицина қызметкерлерімен кездесулер өткізді.
Алғашқы басқосу «Достық үйінде» азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен өтті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысты.
Жиында Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттер, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелері талқыланды.
ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы Жолдаудағы идеологиялық бастамалардың ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттің өркендеуі экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, азаматтардың жауапкершілігімен, қоғамдағы құндылықтармен және ортақ мүддеге қызмет етуімен өлшенеді.
Депутат адалдық, әділдік, заңға құрмет, сапалы білім мен еңбекқорлық қағидаттарын нығайту, әсіресе жастардың бойында отаншылдық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
Бұдан кейін республикалық жұмыс тобы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми қауымдастығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесуде білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, аграрлық секторды жаңғырту, қоғамдық келісім және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ жұмыс тобы «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен жүздесті.
Жастармен кездесуде Жолдаудың негізгі бағыттары түсіндіріліп, ел дамуына үлес қосу, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару тақырыптары қозғалды. Студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Республикалық жұмыс тобының өңірдегі кездесулері Жолдауда белгіленген міндеттерді түсіндіруге және қоғам өкілдерімен пікір алмасуға бағытталған.
