Шымкент қаласында «Бейбітшілік пен келісім туралы ақсақал тағылымы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Айгерім Жұмағұлова ашып, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы жастар тәрбиесінің маңызын атап өтті.
Жиынға қалалық Ассамблея жанындағы ақсақалдар, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері мен жастар өкілдері қатысып, қоғамдағы маңызды әлеуметтік, этносаралық және тәрбиелік мәселелер жөнінде өзекті ойларымен бөлісті.
Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев ел ішіндегі татулықты сақтай отырып, жас буынға ұлттық бірлік пен бейбітшілік құндылықтарын сіңіру маңызды екенін атап өтті.
Аталған кеңестің мүшесі Нышан Байғұтов Ұлттық Құрылтайдың IV отырысынан туындайтын міндеттерге тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тәрбиелеу жобасын кеңінен насихаттау керектігін айтты. Ол білім мен тәрбие тең жүрмеген қоғамда жастардың адасу қаупі жоғары екенін, сондықтан барлық оқу орындарында тәрбиелік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, ономастика саласындағы ретсіздікке тоқталып, тарихи атауларға құрметпен қараудың маңызын ерекше атап өтті. Ал, Әліпжан Боранбайұлы жастар арасындағы нашақорлық, құмар ойындар сынды қоғамды улап жатқан келеңсіздіктермен күресте ақсақалдардың белсенді болу қажеттігін айтты.
Іс-шара соңында ақсақалдар мен жастар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты арттыру, ұлттық құндылықтар мен тәрбиені дәріптеу жөнінде бірқатар нақты ұсыныс айтылып, қатысушылардың пікірі тыңдалды.
Бұл отырыс елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда ақсақалдардың алар орны айрықша екенін тағы бір мәрте көрсетті. Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мұндай бастамалары жастардың санасына ұлттық бірлік, елжандылық пен бейбітшілік идеяларын сіңіруге бағытталған маңызды қадам болмақ.