«АҚЫЛДЫ ҚАЛА»: ШЫМКЕНТТЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕ ДЫБЫСТЫҚ ХАБАРЛАУ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛУДА

Шымкент қаласында жолаушылар тасымалы саласы кезең-кезеңімен жаңартылып, заманауи технологиялармен жабдықталуда. Қалада қоғамдық көліктегі қызмет сапасын арттыру және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында аялдама атауларын дыбыстық хабарлау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба жеке инвестор – «Smart Mobility» ЖШС қолдауымен жүзеге асырылуда.

Қазіргі уақытта бұл жүйе 1003 автобуста орнатылып, күнделікті жолаушыларға сапалы әрі нақты ақпарат ұсынылуда. Жыл соңына дейін қалған 117 автобуста (төрт компанияға тиесілі) дыбыстық хабарлау жүйесі толық енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін дыбыстық хабарлау жүйесі барлық автобустарға 100% көлемде орнатылады. Бұл бастама қаладағы қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігін арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.

Бүгінгі таңда қалада 82 бағыт бойынша 1120 автобус тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бағыттарда 11 көлік компаниясы жолаушылар тасымалымен айналысады.

Бұл  «Smart Mobility» ЖШС-ның Шымкенттің транспорт саласын цифровизациялау бағытында  енгізіп жатқан инновациялық жобаларының алғашқысы емес. Компания бұған дейін

қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктерін ресімдеу үшін жаңа цифрлық сервисті іске қосқан. Осы сервистің jenil.avtobys.kz онлайн-платформасы арқылы зейнеткерлер, мектеп оқушылары мен студенттерге үйден шықпай-ақ өтініш бере алады. Нәтижесі өтініш берушінің электрондық поштасына түседі. Егер бәрі дұрыс толтырылса, жол жүру жеңілдігі Аvtobys қолданбасында автоматты түрде іске қосылады және пайдалануға дайын болады.

Сонымен қатар, көлік жүйесін цифрландыру аясында Шымкентте орнатылып жатқан ақылды медиатабло да «Smart Mobility» ЖШС-ның жобасы. Жаңа экрандар автобустың орналасқан жерін және нақты келу уақытын көрсетеді.

Қазір қалада  вокзалда, әуежайда, саябақтарда және ірі аялдамаларда  табло орнатылған. Жыл соңына дейін олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған. Бұл —  «Ақылды қала» жүйесінің бір бөлігі, ол Шымкентте қоғамдық кқлікте жүруді ыңғайлы ете түспек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар