Қазіргі қоғамда жастардың санасына озық ой, асыл қасиеттерді сіңіріп, өскелең ұрпақтың бойында жауапкершілік сезімін ояту – басты міндеттердің бірі. Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі идеяларымен үндесетін осындай маңызды бастамалардың бірі жуырда Созақ ауданының Қарағұр ауылдық кітапханасында ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында қолға алынған бұл басқосу «Адал еңбектің абыройы биік» атты ауызша журнал форматында өтіп, жергілікті тұрғындар мен оқырмандардың басын қосты.
Аталмыш іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ пен оқырмандардың бойына адалдық, шыншылдық, әділдік және парасаттылық сияқты ізгі құндылықтарды терең сіңіру. Сонымен қатар қоғамның дамуына балта шабатын жемқорлықтың кесапатын түсіндіріп, заңға құрметпен қарауға және әрқашан адал еңбек етуге тәрбиелеу ісіне ерекше көңіл бөлінді.
Шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, күнделікті өмірде адалдық пен әділдіктің орны қаншалықты маңызды екенін жан-жақты сөз етті. Қоғамдағы жағымсыз көріністердің алдын алуда әрбір азаматтың ұстанымы мен жауапкершілігі шешуші рөл атқаратыны айтылды. Жиын соңында кітапханашы арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне мазмұнды шолу жасап, кітапхана қорындағы осы бағыттағы құнды әдебиеттер мен мерзімді басылымдарды оқырмандарға кеңінен таныстырды.
Мұндай танымдық іс-шаралар елімізде қолға алынған әділетті қоғам құру реформаларымен және саналы азаматты қалыптастыру идеясымен тікелей үндесіп, өңірдегі рухани-адамгершілік тәрбиенің сапасын арттыруға сүбелі үлес қоса беретіні анық.
