26/11/2024

«СҮЙІП ІСТЕГЕН ІС ШАРШАТПАЙДЫ» дейді аула сыпырушы Айнұр ОСПАНОВА

Шымкент қаласының көркеюіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандар жетерлік. Олардың бірі де бірегейі – коммуналдық қызмет жұмысшылары. Таң атар-атпас елең-алаң шақта, жұрт ұйқысынан тұра қоймаған шақта  олар көше сыпырып, шашылған қоқыстарды жинап, ретке келтіріп жүреді.

 

Айнұр Оспанованың  коммуналдық қызмет саласында жұмыс істеп жүргеніне бір жылдан асыпты. Былтыр Түркістан облысының Жетісай қаласынан Шымкентке қоныс аударған. Белгілі бір мамандығы, дипломы жоқ. Тұрақты айлығы бар мемлекеттік мекемелерге техникалық қызметкер болып орналасайын десе, жалақысы аз. Ондай айлық арқа сүйер азаматы жоқ 35-тегі келіншек үшін екі қызын асырауға жетпейді.

Ал, Шымкент – үлкен қала. Үлкен қалада еңбектен, қара жұмыстан  қашпайтын жандарға лайықты жалақысы бар жұмыс табуға мүмкіндік көп.

Айнұрға жұмыстың ыңғайы коммуналдық саладан бұйырған екен. «Таза өлке» коммуналдық мекемесінде бір жыл істеп, бригадирлікке дейін көтерілді. Алайда, басында баспанасы жоқ, арзандау деп қаланың шеттеу жағынан пәтер жалдап тұратын келіншекке ала таңнан жұмысына жету қиын болыпты. Айлығы шайлығына жетпейді. Амалсыздан жұмыстан кетеді.

Сөйтіп, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келіп, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Еңбек мобильділігі орталығы қоғамдық жұмыстар ұсынып, қыркүйек айында Қаратау ауданы әкімі аппараты жанынан құрылған «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жұмысқа қабылданады.

Қазір Айнұр Астана шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулалары, айналасы, балалар алаңдарының тазалығына жауапты.

— Жұмысым өзіме ұнайды. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғасады. Біздің жұмыс жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Жаз айында аулаларды, көшелерді сыпырып, қоқыс жинасақ, күз бен көктемде ағаш жапырағын сыпырамыз. Ал, қыста қар күрейміз. Жұмысым қимыл-қозғалыстан тұрғандықтан, көңілім сергіп, денсаулығым да жақсарады. Қазір Нұрсәт шағынауданында пәтер жалдап тұрамын. Үйім жұмысыма тиіп тұр. Жолыма ақша жұмсамаймын, түскі асты үйден ішемін. Өзіме өте ыңғайлы болды. Көпшілігі даладағы жұмыс қиын деп ойлайды. Дегенмен өзімнің жұмысым көңілімнен шығады. Жұмысымыз ауырына ауыр. Бірақ, сүйіп істеген іс шаршатпайды екен, — дейді кейіпкеріміз.

Қыркүйек айында осы мекемеге жұмысқа орналасқанда, басшылығы айлығының 175 мың теңге болатынын айтқан. Көп ұзамай жұмысшылардың жалақысына 10  мың теңге қосылып, қазір 185 мың теңгеге жетіпті.

— Мұндай жұмыстарға жастар келе бермейді. Ал, өзім жұмыс таңдамаймын. Бастысы адал еңбек етіп, нанымды адалынан жегім келеді. Бір үйдің үш ұлының ортасындағы жалғыз қызы едім. Бірақ жалғыз қыз боп еркелей де алмадым. Жағдайымыз болыңқырамай, кішкентайымыздан қара жұмысқа араластық. Кетпен шауып, орақ та ордық. Егістікке мақта, жеміс-көкөніс теруге шығып, ақша таптық. Әке-шешеміздің бізді оқытуға шамасы келмеді. Мектеп бітірген соң да өмірім қара жұмыс істеумен өтіп жатыр. Өзім қиыншылықпен өскен соң қыздарымның қиналғанын көргім келмейді. «Мен секілді ауыр жұмыс істегілерің келмесе, сабақты жақсы оқыңдар» деп күнде  құлақтарына құйып отырамын. Олар да менің ақшаны оңайшылықпен тауып жүрмегенімді түсінеді. Өздеріне қажет затты әпер деп ашық айта алмайды. Кей балаларды көріп жүрміз, ата-анасының ақшасы бар ма, жоқ па қарамайды. Керегін алдырмай қоймайды ғой. Менің қыздарым ондай емес. Өзім де оларды қатарынан қалдырмауға тырысамын,  — дейді Айнұр.

Оның ендігі бар арманы – қыздары мектеп бітіргенше баспаналы болу. Жоғары оқу орнында оқыса, олар өз баспанасында тұрып оқыса дейді. Ал, екі қызы бүгінде Жетісайда әке-шешесінің қолында. Үлкенінің жасы – 11-де, кішісі – 9-да. Өз қолына алуға мүмкіндігі жоқ.

– Ауыр бейнетпен  тапқан соң ақшаның қадірін білемін.  Айлық алғанда несиеге, пәтер ақысы, коммуналдық төлемдерге деп жеке-жеке бөліп, одан артылған әр тиынымды  есептеп жұмсаймын. Қазіргі табысыммен баспана алу қиын. Жетісайда жүргенде баспана кезегіне тұрғам. Жеті жыл болды, кезек жылжымайды. Алла тағаладан күнде баспаналы ете гөр деп сұраймын, көмектесетін шығар, – дейді Айнұр Оспанова.

Аула тазалаушы Айнұрдың арманы асқақ, ниеті түзу. Бастысы – еңбегі адал. Ал, адал еңбек еткен әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында осы мәселені айрықша атап өтті.

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашан да құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деді Мемлекет басшысы.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтын,  нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген Айнұр Оспанованың да ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашан да мақтанышымызға айнала бермек.

Гүлжамал МҰСАЕВА,

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар