26/11/2024

«АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ»: ШЫМКЕНТТЕ 10 ҚАНДАС ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Қандастарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне елімізде бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Олар Қазақстан азаматтарымен қатар жұмыспен қамту шараларына да қатыса алады. 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, Шымкент қаласында «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен 10 қандас жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды Narkesken.kz сайтының тілшісі Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Басқарманың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шымкент қаласында 366 отбасыдан  720  адам «қандас» мәртебесін алған, ал 45 отбасынан 51 адам «қандас» мәртебесін тағы 6 айға ұзартқан. Олардың ішінде 405 адам – еңбекке қабілетті жаста.

Көптеген қандас атамекенге оралғаннан кейін, білікті маман болса да, жұмыс табуда қиындықтарға тап болады. Ауызша немесе жазбаша тілді меңгермеу, жұмыс нарығындағы бәсекелестік, сертификаттардың жарамдылығы сынды факторлар негізгі кедергілер болып табылады. Осы орайда қандастар да Қазақстан азаматтарымен қатар мемлекеттік бағдарламаларға тең қатысуға құқылы.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша,  еңбекке қабілетті адамдардың  90-ның білімі  жоғары,  187-нің орта арнайы білімі бар.  120 адам жалпы орта білімді болса,  8 адамда білім жоқ.

Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына  бүгінгі таңға 114 қандас жүгінген. Олардың ішінен 58 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Соның ішінде 10 адам «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа жолданған.

«Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы — жастардың жұмысқа орналасуына және кәсіби тәжірибе алуына қолдау көрсету мақсатында Қазақстанда іске асырылып жатқан бастама. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының еңбек нарығында тәжірибесі жоқ жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға бағытталған және оларға тұрақты жұмыс орындарын табуға көмектеседі.

2024 жылы Қазақстанда осы бағыт бойынша барлығы 8,7 мың жасты, Шымкент қаласында 1,1 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарланған.

Бұл жобаға жұмыс тәжірибесі жоқ 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ол үшін Мансап орталығына өтініш беру керек.

Оқу орындарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе байланысты кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасын қаржыландыруды Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс беруші ұсынған ай сайынғы мәліметтер негізінде жүзеге асырады.

Жалақыны субсидиялау мерзімі 18 айдан аспайды, субсидия мөлшері 30 АЕК-ті құрайды.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыздарды кемінде 12 ай мерзіммен тұрақты жұмыс орнына орналастыруға міндетті.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар