«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде мәслихат депутаты, фракция мүшесі Альбина Елшиева азаматтарды жеке қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады. Бұл қабылдауда келген азаматтардың басым көпшілігі әлеуметтік көмек сұрады.
Кездесуге келген аналардың бірі үйде бала бағып отырғанын айтып, күнкөрістің қиындап кеткенін жеткізді. Аталған мәселені тыңдаған Альбина Елшиева, жалғыз басты ананың жағдайымен мұқият танысып, әлеуметтік тұрғыда бір реттік көмек ұсынды.
Ал, Самал-3 шағынауданының тұрғыны жұмыссыз ретінде ресми тіркеле алмай жүргеніне және медициналық қызмет ала алмай жүргеніне шағымданды. Депутат азаматтың өтінішін толығымен қанағаттандырып, Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, қажетті қызметтердің көрсетілуіне ықпал етті. Сонымен қатар, ол азаматты онлайн форматта жұмыссыз ретінде тіркеуіне көмектесті.
Сондай-ақ, Құрсай елдімекенінің тұрғыны тиісті құжаттардың дұрыс болмауына байланысты үйіне газ кіргізе алмай жүргенін айтты. Альбина Елшиева бұл мәселені «Құқықтық кеңесте» егжей-тегжей қаралатынын айтып, тұрғынға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шетелден көшіп келіп, куәлік ала алмай жүрген азамат та көмек сұрап келді. Альбина Елшиева оған Еңбекші аудандық миграциялық мекеменің жауапты қызметкеріне тікелей хабарласып, оң шешімге ықпал жасады.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстар жалғасуда, бұл азаматтардың әлеуметтік қолдау мен құқықтық қорғауына зор әсерін тигізуде.