26/11/2024

«КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК»: ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН КВОТАЛАУ ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаевтың жетекшілігімен жұмысшы топ Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Мониторинг тобының құрамында «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңестің төрайымы Баян Жандосова, мәслихат депутаттары және «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының амбассадоры Алина Дубинина болды.

Топ мүшелері «Кедергісіз келешек» жобасы шеңберінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған 2-4% квотаның орындалу барысын бақылады.

Бүгінгі таңда білім ордасында 21 азамат аталмыш бағдарламаның игілігін көріп, мекеменің әртүрлі салаларында қызмет етіп, тиісті жалақыларын алып келеді.

Былтыр қараша айында қала әкімінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 2024 жылға арналған жұмыс орындарына квота белгілеу» туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, мамыр айына дейін 52 мекемеге 138 азамат жұмысқа орналастырылған. Жалпы алғанда жыл басынан бері Шымкент қаласында 968 мүгедектігі бар азамат жұмыспен қамтылған.

«Кедергісіз келешек» жобасы қоғамдағы мүгедектігі бар азаматтардың белсенділігін арттыруға, олардың еңбек нарығына қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаның жүзеге асуы бұл азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, қоғамда тең құқықты қалыптастыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар