Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Жастардан жастарға ақпараттық керуен» жобасы аясында «Достық» колледжі жастарына ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жастар – ел дамуының, мемлекет болашағының стратегиялық ресурсы, бүгіні мен ертеңнің қозғаушы күші. Сол үшін жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, болашақтың ісінен ақсамас едік. Елімізде бірнеше жылдан бері жастарды қолдау, оларға кәсіби білім беру, жұмыспен қамту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған әртүрлі бағдарламалар қабылдануда.
Абай ауданына қарасты Мансап орталығының еңбек ресурстарын болжау және жұмыспен қамту бөлімінің маманы Қуантай Әйтеке колледж студенттеріне жастарды жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы толыққанды түсіндірді.
– Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары іске қосылған.
«Жастар практикасы» бағдарламасына жасы 35-тен аспаған, жұмыссыз ретінде тіркелген жастар қатыса алады. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмағаны жөн.
Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар (әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар) қатыса алады.
«Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасының аталған екі бағдарламадан ерекшелігі, мұнда жас маманға зейнетке шығуына 6 ай қалған тәлімгер бекітіледі, ол зейнетке шыққанда жас маман соның орнына тұрақты жұмысқа орналасады, – деп түсіндірді Мансап орталығының маманы.