Биыл – «Архив-2025» жобасының соңғы жылы. Жоба «Шымкент қаласында Үкіметтің қаулысы бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес бірнеше бағытта іске асты.
Архив қоры Шымкент тарихы бойынша шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалар мен ғылыми орталықтардан алынған жаңа құжаттық дереккөздермен толықтырылып, оларды ғылыми айналымға енгізу, цифрлық өркениет жағдайында ақпараттық-зияткерлік ресурстардың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында жұмыстар атқарылуда.
Шымкентте осы жоба аясында 9 жинақ шығарылды. Біріншісі – архив қоры бойынша анықтамалық-ақпараттық Нұсқаулық. Бұл 1917-2019 жылдар аралығын қамтиды. Екіншісі – Шымкент қаласындағы ұйым, мекеме, кәспорындардың жеке құрам құжаттарының орналасқан жері бойынша Анықтамалық. Мұнда 1920- 2019 жылдар аралығы қамтылған.
Бұдан бөлек, «Шымкент қаласының құрметті азаматтары», «Сборник документов истории крупных промышленных предприятии города Шымкент» екі томдығы, «Шымкент қаласының дамуына үлес қосқан әр саладағы үздіктер», «Архив – тарих қазынасы», «Қазақстан мен Өзбекстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» халықаралық конференциясындағы ғылыми еңбектер жинақтары мен «Шымкент. Чимкент. Черняев. Чимкент. Шымкент» фотоальбомы шығарылды.
Шымкенттің тарихында маңызды кезеңдердің бірі – әкімшілік-аумақтық бөлік ретінде Шымкент уезі болып тұрған кезеңі. Қалалық архив Шымкент уезіне қатысты 1864-1916 жылдар аралығын қамтитын құжаттар мен материалдардан жеке жинақ шығарған.
Шымкент уезі 1867 жылы 11 шілдеде Түркістан генерал губернаторлығына қарайтын Сырдария облысының құрамында құрылған. Шымкент уезі оңтүстігінде Ташкент уезімен шектесіп, солтүстік жағынан Шу өзенін кесіп өткен. 19-ғасырдың басында уезд құрамында 28 болыста 540 ауыл болған. 1928 жылы жаңа әкімшілік-аумақтық аудандастыру шаралары жүзеге асырылуына байланысты Шымкент уезі жойылған.
Айта кетейік, мұрағаттағы осы жинақтарға енгізілген құжаттар, фотоматериалдар мен бейнеқұжаттар, сондай-ақ Шымкент қаласының құрметті азаматтары туралы ақпараттар да біртіндеп цифрлық форматқа ауыстырылуда.
Үкімет қаулысымен қабылданған іс-шаралар жоспарындағы келесі маңызды қадамдардың бірі – саланың инфрақұрылымын дамыту. Бүгінгі таңда мұрағат ғимараты толығымен жаңартылған. Мұнда заманауи көрме залы пайда болды. Онда тек жергілікті құжаттар ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Өзбекстаннан әкелінген құнды материалдар да сақталған.
«Архив-2025» – отандық және шетелдік архивтерде сақталатын архивтік құжаттарды іргелі зерттеуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Бұл дүниежүзі қазақтарының тарихына қатысты барлық деректерді жинауға мүмкіндік береді.
