Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу бойынша қаладағы Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне семинар ұйымдастырды. Сайлау процесінің ашықтығы, әділдігі және тиімділігін қамтамасыз етуде Үкіметтік емес ұйымдардың рөлі ерекше маңызды. Аталған іс-шараға қала әкімдігінің мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сайлау комиссиясы мүшелері және БАҚ қызметкерлері қатысып, өзекті тақырыпты талқылады.
Семинар барысында Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Маханов сайлау процесін ұйымдастырудың негізгі кезеңдерін, сайлаушылармен жұмыс жүргізу тәртібін, дауыс беру күніндегі комиссия мүшелерінің міндеттері мен жауапкершіліктерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып,Үкіметтік емес ұйымдардың сайлау процесіндегі ролі туралы қатысушыларға түсініктемелер берілді.
— Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік билік пен халық арасындағы сенім көпірі ретінде әрекет етіп, сайлау жүйесінің сапасын арттыруда шешуші факторға айналуда. Олар сайлау процесінің әр кезеңін мұқият бақылап, оның заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етеді. Сайлау учаскелерінде бақылаушылар ретінде жұмыс істеп, дауыс беру мен дауыс санау барысындағы заң бұзушылықтарды анықтайды. Сонымен қатар, сайлаушыларға сайлау заңнамасын түсіндіреді, оларды құқықтары мен міндеттері туралы хабардар етеді, сондай-ақ сайлау процесіне қатысудың маңыздылығын насихаттайды. Міне, осылайша Үкңметтік емес ұйымдар азаматтардың саяси сауаттылығын көтеру арқылы олардың саналы таңдау жасауына жағдай жасайды, — деп атап өтті Е.Маханов.
Жиын барысында сұрақ-жауап форматындағы диалог та қарқынды өтті. Республика партиясы қалалық филиалының төрағасы М. Төлебеков БАҚ өкілдері мен блогерлердің сайлау процесіндегі рөлі мен жұмыс тәртібі туралы сауал қойса, АMANAT партиясы қалалық филиалының төрағасы Б.Ділдәбеков сенімді өкілдер, байқаушылар және сайлауға қатысушылардың заңнамалық мәртебесіне енген өзгерістерді нақтылауға тырысты. Тәжік соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Н. Атабеков учаскелік сайлау комиссиясының мүшелігіне өту рәсімі бойынша өз сұрақтарын білдірді. Барлық қойылған сауалдарға тиісті деңгейде тұжырымды жауаптар қайтарылды.
Семинар соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Жүніс болашақтағы сайлау науқандарын заң талаптарын қатаң сақтай отырып, ашық әрі әділ өткізуге шақырды.
