АРЫС ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРДЫ

Отырар ауданның Арыс ауыл округіне қарасты Арыс елді мекені бүгінде елеулі өзгерістерді бастан кешуде. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл жаңғырулар тек сыртқы келбетті ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындарының күнделікті тіршілігін жеңілдетіп, болашаққа деген сенімдерін нығайтуда.
Биыл Арыс ауылының көшелеріндегі жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ағыбаев, Жеңіс, Сержанов көшелері толықтай асфальтталып, заманауи талаптарға сай аяқ жолдар салынды. Бұл жұмыстар жол қауіпсіздігін арттырып, жаяу жүргіншілерге ыңғайлылық тудырады. Сондай-ақ, Ә.Есжанов көшесі орта жөндеуден өтіп, жолдың сапасы жақсартылды. А.Құрманбаев және Қарасай батыр көшелеріне тас төселіп, бұл көшелердің де жағдайы жақсартылды.

Ауылдың әсемдігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында Ә.Сержанов, Т.Танкеев, А.Момбеков, О.Намайұлы көшелері жарықтандырылды. Бұл шаралар кешкі уақытта көшелерді жарықтандырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ел игілігіне айналған маңызды жобалардың бірі – М.Шойманов елді мекеніндегі балалар ойын алаңшасының құрылысы. Бұл алаңша ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, спортпен шұғылдануына және достық қарым-қатынастарын нығайтуына мүмкіндік береді. Бұл жоба жастардың денсаулығы мен дамуына қосылған үлкен үлес болып табылады.

Арыс ауылындағы Н.Төреқұлов көшесі электрмен қамту жұмыстарынан өтті. Бұл шара ауылдың электр энергиясымен қамтамасыз етілуін жақсартып, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар, Асанқайғы №3, Жәнібекхан, №14, Ә.Есжанов, Шойманов е/м №1, №2 көшелеріне электрмен қамту үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстардың аяқталуы ауылдың барлық аумағында электр энергиясының тұрақты берілуін қамтамасыз етеді.

Арыс елді мекеніндегі бұл инфрақұрылымдық жаңғырулар ауылдың дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратыны сөзсіз. Бұл жобалардың барлығы ауыл тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігін ойластыра отырып жүзеге асырылуда.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар