Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы оқу-семинарын ұйымдастырды. Маңызды басқосуға учаскелік комиссиялардың төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшылары қатысып, алдағы саяси науқанға дайындық бағыттарын пысықтады.
Семинарда Арыс қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Е.Мұратов баяндама жасап, сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық және практикалық аспектілеріне жан-жақты тоқталды. Жиын барысында әсіресе байқаушылармен және сенімді өкілдермен жұмыс істеу мәдениеті, түрлі түйткілді жағдайлар мен жанжалдардың алдын алу және оларды шешу жолдары жіті талқыланды. Сондай-ақ дауыс беру күніне тікелей дайындық жасау, сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік пен тәртіпті қатаң сақтау мәселелері назардан тыс қалмады.
Семинар тек теориялық ақпарат берумен шектелмей, өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Мұндай оқыту шаралары алдағы сайлаудың жоғары деңгейде, ашық әрі әділ өтуіне берік негіз қалайтыны сөзсіз.
