Бүгінгі таңда елімізде ұлттық бірлік пен тұрақтылықты нығайту, қоғамда әділдік пен өзара ынтымақты дәріптеу, сондай-ақ әрбір азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Арыс қаласында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған ауқымды түсіндіру шаралары ұйымдастырылды.
Қала көлемінде дін мәселелері бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері мен Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Дүйсенбайдың қатысуымен өткен бұл кездесулер қоғамның әр түрлі әлеуметтік топтарын қамтыды. Шаралар №11 «Арыс» балабақшасы мен қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің қызметкерлерін, Орталық базар саудагерлерін, П.Арапов пен Ақдала елді мекендерінің тұрғындарын, Ж.Ташенов және С.Ерубаев атындағы мектептердің оқушылары мен ата-аналарын, сондай-ақ ауыл жастарын біріктірді.
Жиындардың басты мұраты – халық арасында дәстүрлі дініміздің құндылықтарын дәріптей отырып, отансүйгіштік пен елдік сананы қалыптастыру, қоғамдық орындарда «Заң мен тәртіп» қағидасын берік ұстану. Әсіресе, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру, заң нормалары мен әдеп қағидаларын сақтау мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында деструктивті діни ағымдардың, жат секталардың және әлеуметтік желілердегі теріс ағымдардың қауіп-қатерлері жан-жақты түсіндіріліп, тұрғындар сенім мен жауапкершілікке шақырылды.
Шара соңында қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өздерінің азаматтық ұстанымдары мен ой-пікірлерін ортаға салды. Мұндай мазмұнды кездесулер елдік пен тұрақтылықты көздің қарашығындай сақтауға, жастардың бойында әділдік, сенім және отаншылдық қасиеттерді терең сіңіруге елеулі үлес қосады.
