АРЫС МЕКТЕПТЕРІ ПАТРИОТИЗМНІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІН КӨРСЕТУДЕ

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, еліміз бойынша жалғасып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны білім беру ұйымдарында да жүйелі түрде жалғасуда. Арыс қаласының білім бөліміне қарасты білім ошақтары бұл игі бастамадан тыс қалмай, қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкемізді көркейтуге бағытталған нақты істерімен көпшілікке үлгі көрсетуде.

Осы орайда қаладағы №2 жалпы білім беретін мектепте «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шараға білім ордасының ұжымы түгел жұмыла қатысып, мектептің айналасы мен іргелес жатқан көше бойларын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Мектеп ұжымының бұл бастамасы қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосылған сүбелі үлес болды.

Аталмыш тазалық жұмыстары барысында мектептің айналасындағы жасыл желектер күтіп-бапталып, ағаш түптері қопсытылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары мен аула аумағы артық қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Осылайша білім саласының қызметкерлері табиғатты қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін айқын аңғартып, экологиялық жауапкершілікті тек сөзбен емес, іс жүзінде көрсетті.

Экологиялық акция барысында ұстаздар мен оқу ордасының өкілдері тазалықтың бір күндік науқан емес, қоршаған ортаға деген тұрақты мәдениет пен саналы көзқарастың көрінісі екенін атап өтті. Арыс қаласындағы білім ошақтарында бұл бағыттағы жұмыстар тек сенбіліктермен шектелмей, оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған тәрбиелік шаралармен ұштастырылуда. Әсіресе, жас ұрпаққа туған жердің табиғатын аялауды, тазалықты сақтаудың маңызын өнегелі іс арқылы ұғындыру – бүгінгі күннің басты талабы. Мектеп ұжымының бұндай ізгі қадамы өскелең ұрпақтың санасына туған елге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді сіңіріп, келешекке қалдырылар мол мұра екені анық.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар