Еліміздің экономикалық дамуында отандық кәсіпкерліктің рөлі ерекше. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, инновациялық идеяларды жүзеге асыруға, бәсекеге қабілетті өнімдер мен қызметтерді ұсынуға және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының маңызы зор. Ордабасы ауданында да отандық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау жүйесі белсенді жұмыс істейді.
Ордабасы ауданының Шұбарсу елді мекеніндегі «Алан-Нұр» жылыжай кешенінің төрағасы Нұрлан Әлімханов мемлекеттік қолдаудың арқасында жылыжай шаруашылығын кеңейтіп, аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр.
Кәсіпкер жылыжай ісін 2017 жылы бастаған. Алғашқыда бір гектар аумақтан өнім алған. Шаруасын жыл сайын кеңейтіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналған. Осы орайда шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29,8 млн теңге көлемінде қолдау алып, жылыжайды дамытқан. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылды. Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі.
Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл технология суды үнемдеуге, топыраққа қоректік заттарды дәл жеткізуге және өсімдіктердің сау дамуына ықпал етеді.
Жалпы, 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады.
Бұл көрсеткіш Ордабасы ауданының көкөніс өндірісіндегі маңызды үлесін көрсетеді. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашып, жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға және ауыл шаруашылығы саласын дамытуға оң ықпал етеді.
«Алан-Нұр» жылыжай кешенінің бұл жетістіктері ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа мүмкіндіктерді айқын көрсетеді. Заманауи технологияларды қолдану, мемлекеттік қолдау бағдарламаларынан тиімді пайдалану және кәсіпкерлік бастамалар арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға болады. Нұрлан Әлімхановтың бұл жобасы басқа да шаруаларға үлгі болып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосатыны сөзсіз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы – ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл жобаның негізгі мақсаты – елді мекендердегі агробизнеске жаңа серпін беріп, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті белсенді қолдау көрсету. Бұл бағдарлама бойынша несиенің сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.
