«АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ»: КЕЛЕСТЕ 21 КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Инфрақұрылым – ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауылдық елді мекендердің дамуына ерекше мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауыз сумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.

Келес ауданында елді мекендерді сапалы жолмен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Ауданда биыл  ұзындығы 33,8 шақырым жолды жөндеу жаспарланған. Бүгінде бірқатар елді мекендерде көшелер асфальт төсеуге дайындалып жатыр.

Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекенінде Ш.Тұрсынбаев көшесінің 2,6 шақырымына асфальт төсеу басталды. Бұл жұмыстарды «Сарыағаш Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.

Сонымен қатар, Қошқарата ауылдық округінің Алғабас, Жаңақоныс және Қарабура елді мекендеріндегі төрт ішкі көшеге шағал тас төселіп, асфальттауға дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы – шамамен 11 шақырым.

Жол сапасына «СК Құрылыс инжиниринг» және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» мекемелері тұрақты түрде техникалық бақылау жүргізіп отыр.

Бүгінде аудан аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1172 шақырымды құрайды. Өткен жылы екі көше аудандық бюджет есебінен, ал 16 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөнделіп, асфальтталған. Нәтижесінде, аудандағы көшелердің 61 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жетті.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы тағы 21 көше орташа жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Береке елді мекендерінің 4 ішкі көшесіне және Жүзімдік ауылдық округі Жүзімдік елді мекенінің 11 ішкі көшесіне шағал тас төселіп, асфальттауға дайындық жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы – шамамен 17,7 шақырымды құрайды. Осы аталған көшелер асфальтталған жағдайда аудандағы ішкі көшелердің 65 пайыздан астамы жақсы және қанағаттанарлық күйге жететін болады.

Сонымен қатар, Абай ауылындағы Жамбыл, Асан Қайғы, Б.Қырғызалиев, Төле би, Ә.Жылқышиев гүлзары мен Т.Рысқұлов көшесінің батыс бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар