АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖЕРДІҢ САЛЫҒЫ — ГЕКТАРЫНА 1 013 ТЕҢГЕ!

Шымкенттің шаруалары 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге гектарына 1 013 теңгеден төлейтін  болады. Бұған Шымкент қаласының әкімдігі  мен орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеуі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу арқылы қол жеткізіліп отыр.

Айта кетейік, ҚР Салық кодексінің 505-бабына сәйкес Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесі гектарына 91 700 теңге болып белгіленген. 2022 жылы қала мәслихаты бұл мөлшерлемені 50 пайызға төмендетіп, гектарына 45 850 теңге болып бекіткен болатын. Десе де, бұл жеңілдік те  жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлер үшін ауыр соқты. Енді жаң салықтық саясатқа байланысты 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа кодекстің 584-бабының 4-тармағына сәйкес, елді мекендердегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық мөлшерлемесі гектарына 1 013 теңгеге дейін төмендетіледі.

Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шымкенттік шаруалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге гектарына 1 013 теңгеден төлейтін  болады. Бұл бұрынғы мөлшерден 45 есе аз, яғни жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар үшін үлкен жеңілдік әрі қолдау.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі — 56 мың гектар. Оның 26,4 мың гектарында шамамен 4 мыңға жуық шаруа қожалығы мен кәсіпкер еңбек етуде. Бұл ауыл шаруашылығы ұжымдары қала тұрғындарын үнемі сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етіп келеді.

Жаңа салықтық жеңілдік Шымкенттің ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беріп, қала экономикасына тұрақты үлес қосатыны анық. Жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен еңбегі арқылы қаладағы агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жүзеге асуда.

Шымкенттің республикалық мәртебесі мен жаңа салықтық саясат ауыл шаруашылығын қолдаудың нақты көрінісі болып табылады. Бұл бастамалар қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды шаралар ретінде қабылданып отыр.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар