АУЫЛДАН ӨНДІРІС АШЫП, САБЫН БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРДЫ

Гүлсін АБДУРАХМАНОВА –төрт баланың анасы және бір цехтың жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкер. 2018 жылы жолдасы Асылбек ЕСІМХАНОВПЕН бірге Келес ауданының орталығы Абай елдімекенінен  сабын шығаратын кішігірім кәсіп бастап, бүгінде  олар тұрмыстық химиялық өнімдердің түр-түрін шығаратын деңгейге жеткен.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер – шалғай ауылда тұрып-ақ өндіріс орнын ашуға, өз брендтерін қалыптастыруға болатынын дәлелдеген жандар.  «Saf»  өнімдері бүгінде Қазақстан нарығын жаулап қана қоймай, шетелдерге  экспортқа шығырылуда.

Бұл отбасы тұрмыстық химия өндірісіне кездейсоқ келген жоқ. Кезінде Астана қаласында тұрмыстық химия өнімдерін сатумен айналысқан.

«Жолдасым сол кезде: «Шетелдіктер шығарған осы заттарды қазақтар шығара алмай ма?» деп жиі айтатын. Көңіл аудармайтынмын. Өзіміз сататын заттардың құрамын зерттеп, осы бағытта ізденіп жүретін. Күндердің күнінде ол кір сабын шығаруға бел буды. Кәсіп жақсы жүре бастаған соң ассортиментті кеңейтіп, тұрмыстық химия өнімдерінің сұранысқа ие түрлерін шығаруға кірістік. Астанадағы дүкенді жауып, біржола өндіріске кеттік. Нарықты зерттеп, тұрақты клиенттер тауып, өндіріс технологияларымен, өндіріс ерекшеліктерімен таныстық, нәтижесінде осыған ұқсас, бірақ өзіндік идея пайда болды. Қазір «Saf» шаруашылық сабын өндірісі цехында  кір сабын және иіс сабын, өсімдік негізіндегі компоненттері бар сұйық сабындар,  сұйық кір сабын, ағартқыш сұйықтық пен ұнтақ, ыдыс, еден, шыны сүртуге арналған гельдердің түр-түрі шығарылады» дейді Гүлсін Әбдімәлікқызы.

Нарықта шетелден келіп жатқан тұрмыстық химия өнімдері өте көп. Жастықтары шығар, бұл отбасыда  өнімдері өтпей қалып, банкрот болып қалармыз деген қорқыныш болмапты. Асылбек бастап, Гүлсін қолдап, жастары 30-ға жете қоймаған ерлі-зайыпты тәуекел етіп сабын өндірісін бастап кеткен.

«Асекең сабын жасауды ешкімнен үйренген жоқ. Бәріне өзінің ізденімпаздығының арқасында жетіп отыр. Ресей, Корея, Өзбекстан, Үндістанның сабын өндірісі технологияларын зерттеді. Әлі де ізденісте. Бір елдің технологиясын ұнатып, соған тоқтала салмайды. Бәрін жан-жақты зерттеп, өз формуласын әзірлейді.  Бір затты шығара ма, алдымен өзі біраз уақыт қолданып, сынақтан өткізеді.  Келісімшартқа отырған зертханаларға апарып, қайта-қайта тексертеді. Жаңа өнім алдымен ол кісінің өзіне ұнауы тиіс. Не жасаса да, не шығарса да – осы затты мен қолдана аламын ба, сатып алатын ба едім?» деген мәселе тұрғысынан қарайды.  Ол зат ұнаса, сатылымға шығарады. Ұнамаса, қайта ізденіп, нәтижеге жеткенше тыным таппайды» дейді кәсіпкер келіншек.

Түсінгеніміз, өнімдердің  сапасы, технологиясы Асылбектің жауапкершілігінде, ал барлық жұмыс процесі, құжаттарды реттеу Гүлсіннің мойнында.

Оларда осы цехтың басшысымыз деген түсінік жоқ. Бірде станокта тұрады, бірде заттарды қорапқа салып, жүк тасиды. Сыпырғыш ұстап цехтың іші-сыртын сыпырып та кете береді. Бастысы, жұмыс тоқтамауы тиіс.

Оның айтуынша, өнім көлемі маусымға қарай өзгеріп тұрады. Иіс сабын мен кір сабынды  маусымына қарай айына орташа есеппен 100 тоннаға жуық шығаратын кездер болады. Қол жууға арналған сұйық сабын, кір жууға арналған гельден де  айына 100 тоннаға жуық сатылымға жібереді.

«Тұтынушы көп заттың ішінен неге «Saf» өнімдерін таңдауы керек?  «Saf» өнімдерінің нарықтағы өзге тұрмыстық химия өнімдерінен өзгешелігі, артықшылығы неде?» деп сұрадық кәсіпкер келіншектен.

«Шетелдік өнімдер Қазақстанға жеткенше қымбаттап кетеді. Делдалдардың ақысы, логистиикасы, басқа да шығындары бар. «Saf» өнімдері, біріншіден, отандық өнім. Екіншіден, сапалы. Үшіншіден, баға жағынан тиімді. Төртіншіден, өнімдеріміз 100 пайыз табиғи өнімдерден жасалады. Химиялық қоспалар қоспаймыз. Аллергия тудырмайды.  Сондықтан да сұранысқа ие» дейді ол.

Бүгінде «Saf» өнімдері базарларда ғана емес, қазақстандық және шетелдік маркетплейстер арқылы сатылымға шығарылуда.

Алғашқыда олар сұйық өнімдер үшін дайын бөтелкелерді сатып алды, бірақ қарапайым есептеулер оны өзі жасағанда арзанырақ түсетінін көрсетті. Сондықтан кәсіпорын ашылғаннан кейін көп ұзамай тиісті жабдықты сатып алды. Қазір пластик ыдыстарды өздері үрлейді. Сырты қалың, формасы ерекше ыдыстарды Өзбекстан, Белорусия, Қытайдан алады. Алғашқыда сапасына көңіл бөліп, дизайнына мән бермеген екен. Сондай  қателіктерден сабақ алып, цехпен бірге өздері де дамып келеді.

Saf» шаруашылық сабын өндірісі цехы үйлердің арасында орналасқан. Ол сол маңдағы көршілері үшін қолайсыз. Келес аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылбек Жұманов  ауданда ашылғалы жатқан индустриалдық аймақтан «Saf» сабын өндірісі  үшін жер берілетінін айтты.  Ал, «ТURKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Келес аудандық бөлімінің басшысы Айнұр Муталиева кәсіпкерлерге өндірісті кеңейту үшін қандай мемлекеттік қолдаулар көрсетілетіні жөнінде кеңес беріп, бағыт көрсетіп келеді.

«Сабын өндірісін  2018 жылы тақыр жерден бастадық. Бейнетіміз бен ынтымағымыздың арқасында қиындықтарды біртіндеп еңсеріп келеміз. Қазір сабын өндірушілер кір сабынның шикізатын бізден сатып алатын жағдайға жеттік. Ол да үлкен нәтиже. Тауарларымызға мақтана аламын. Жолдасымның ізденісінің арқасында өндірісіміз дамып, өнімдеріміз сұранысқа ие болып жатыр. Бәсекеге қабілетті болу үшін  даму, ізденісті тоқтатпау керек екен» дейді Гүлсін.

Айта кетейік, цехта қазір 30 адам жұмыспен қамтылған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар