Шымкентте Ұлы Отан соғысының 2 ардагері бар. Сол қос тірі аңыздың бірі – Мұраталы Төлепбергенұлы. Шымкент қаласы мәслихатының бір топ депутаты қарт майдангерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап барды.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов пен депутаттар Қанатбек Досалиев, Қайрат Имашев, Исламбек Тулебаев, Асқар Молдабек ардагердің үйіне арнайы ат басын тіреді.
– Мұраталы Төлепбергенұлы атамыз 20 мамырда 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған қаһарманға баршамыз тағзым етуіміз керек. Бұл кісілер басынан не өткізбеді?! Қазан төңкерісінен кейінгі ұжымдастыру, одан ашаршылық, қуғын-сүргін, одан беріде Ұлы Отан соғысын көрді. 18-ге толар-толмас бір үйдің үш баласын соғысқа аттандырды. Тұрар Рысқұловтың ұрпақтары болғандықтан, бұл отбасыға еш аяушылық болмаған. Майдан даласынан аман-есен келгеннен кейін де оңай күн кешпеді. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда аянбай еңбек етіп, елді көтеруге үлес қосты.
Ата-бабамыздың ерлігі, жанашырлығы болмағанда бүгінгі күніміздің қалай болары белгісіз еді. Ақсақалдың батасын алудың өзі – бір ғанибет. Бұл іс-шара кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жеңіс үшін, бейбіт өміріміз үшін осы ардагерлерімізге мың алғыс айтамыз! – деді Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы.
Мұраталы ақсақал 1925 жылдың 20 мамырында Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында майданға аттанған. Жалпы, Мұраталы қарияның әскер қатарындағы қызметі жеті жарым жылға созылған.
Мәслихат депутаттары қарияның иығына шапан жауып, сый-сыяпатын жасады. Бата сұрап алқалаған ағайынға ақ батасын жаудырған ақсақалдың сөзі түзу, қимылы ширақ. Соғыста жаумен қалай шайқасқанын еске түсіріп, өткен күндерінің естелігін шолып шықты.
–1943 жылдың ақпан айынан Ташкентте 6 ай оқып, 3-дәрежелі радист мамандығын алып шықтым. Сол жылдың қыркүйек айында Калинин облысының Реткин стансасында майданға қатыстым. №339 зеңбірекшілер бригадасында болдым. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг, Перлеберг қалаларының шайқасына қатыстым. Германияның Биттенберг қаласында жауынгерлік жолым жеңіспен аяқталған соң елге 1950 жылы оралдым, – дейді соғыс ардагері.
Туған жерге есен-аман келген соң 1950 жылдан 1953 жылға дейін Түлкібас МТС-та тракторшылар бригадасының бригадирі, 1958-1959 жылдар аралығында Калинин колхозында бухгалтер, 1959-1965 жылдары ферма менгерушісі қызметтерін атқарған.
Мұраталы Төлепбергенұлы – 2 ұл, 6 қыз өсіріп, 21 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ардақты ата. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін ІІ–ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны женгені үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Майдангердің кенже ұлы Бекжан әкесінің ғасырлық тойына аман-сау жеткеніне шүкірлік етеді.
– Әкем өмір бойы атпен және жаяу көп жүрді. Соның арқасында денсаулығы жақсы. Ішкілік ішпеді, темекі тартпады. Көп еңбек етті. Зейнетке шыққан соң да тыным таппады. Әкемді мақтан етемін, – дейді ол ағынан жарыла.
Былтырдан бері әкімдік тарапынан ардагерлер мен олардың жақындарына ауқымды әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп келеді. Мәселен, 9 мамырға орай 2 ҰОС ардагеріне – әрқайсысына 1272 АЕК немесе 5 001 504 теңге мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалған.
Мұраталы Төлепбергенұлына 2014 жылдың желтоқсан айында мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан 1 бөлмелі, 2024 жылы демеушілер есебінен 2 бөлмелі пәтер берілген. Ардагерлерге мамыр айында ғана емес, жыл бойына тегін медициналық және санаторлық көмек көрсетіледі. Ол кісілердің қараушыларына да жәрдемақы қарастырылған.
Тарихтың көзі тірі куәгерлеріне не берсе де, қанша берсе де, артықтық етпейді. Өйткені, бүгінгі бейбіт күніміз бен ашық аспанымыз үшін сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз.