БӨДЕНЕ ӨСІРУ – БЕРЕКЕЛІ БИЗНЕС

Елімізде шағын бизнесті дамыту, орта бизнесті нығайту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылуда. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының» бір бағыты – мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы азаматтардың өз ісін ашуына мүмкіндік беру.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Гүлдана Ақбердиева  мемлекеттің осы қолдауына ие болып, өз ісін бастаған.

Жас кәсіпкер өткен жылы 400 АЕК қайтарымсыз грант алып, бөдене шаруашылығын дамытып отыр.

«Бөдене кірпияз, тауық сияқты кез келген жемді қанағат тұтатын құс емес. Оларды ұстау, бағу шарттарын ғаламтордан қарадым. Бірінші ескеретін нәрсе, бұлар суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайтын құс. Тұрақ­ты температура 16-18 градус­қа жылы болуы тиіс. Кәсіпті бастағанда көп қиындық болды. Уақыт өте келе бұл құстың тілін тапқандай болдым»  дейді кәсіпкер.

Кәсіп иесі құс шаруашы­лығының жайын жүйелей түсін­дірді. Үй жағдайында кәсібін дөңгелетіп отырған көпбалалы ана алғашқы қаражатқа 1000 бөдене мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Жас кәсіпкер бүгінде айына 2500-3000 дана бөдене жұмыртқасын және 200-250 келі бөдене етін сатылымға шығаруда.

Гүлдананың түсіндіруінше, бармақтай жұмыртқадан шыққан балапандар жылдам өседі. Тек қажетті жағдайды туын­дату керек. Мәселен, жұмырт­қадан шыққан балапанға 37,7-38°С температура қажет. Уақытында тамақтандырса бөдене тез ширайды. Күн өткен сайын температура төмендетіледі. Себебі, бұл уақытта бөдененің дене қызуы арта түседі. Алғашқы бір аптаның ішінде бөдене балапаны 3 есе салмақ қосып, бір айда 15 есе ұлғаяды. 50-60 күн­нен кейін жұмыртқалай бас­тайды. Жалпы, бөдененің ғұмы­ры 1-1,5 жыл. Одан әрі жұмыр­т­қаламайды екен.

Қайтарымсыз грант қаржысына осындай кәсіп бастап, шаруасын дөңгелетіп отырған Гүлдана Ақбердиева бөдене шаруашылығы пайдасы болмаса, мүлдем зияны жоқ кәсіп екенін де алға тартып отыр.

Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке кәсіптің жемісін көргісі келетін азаматтар қатары күн санап артып келеді.

Отандық кәсіпкерлікті дамыту – ұлы мұрат.  Егер Гүлдана Ақбердиева  секілді отандық кәсіпкерлердің шаруасы дөңгеленіп, өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етсе, тауар бағасының арзандауына септігі тимек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар