«Бал Текстиль» – кілем тоқып шығаратын елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнда кілем тоқу ісі бұрыннан бері жоғары технологиялар деңгейіне көшкен. Жаңа бельгиялық және ирандық станоктарды орнату арқылы қуаттылықты арттырып, өнім сапасы айтарлықтай жақсарды. Фабрикада жыл сайын 6 миллион шаршы метр кілем өндіріледі.
«Біз жаңа технологияларды ұдайы енгізіп, өз әзірлемелерімізді пайдаланамыз. Иранмен ынтымақтастық орнаттық. Бұрын операциялардың көпшілігі қолмен орындалса, бүгінде процесс толығымен автоматтандырылған. Біз цифрлық даму мен ғылыми зерттеулерге ерекше назар аударамыз. Өндіріске энергия үнемдеу және экологиялық шешімдер енгізілуде, бұл фабриканың тұрақты дамуын және өнім сапасын арттыруды қамтамасыз етеді», – дейді фабриканың өндірістік жетекшісі Ерғали Абратпар.
Компанияда әртүрлі елдерге арналған түпнұсқалық ою-өрнектер мен коллекциялар жасайтын 30 дизайнер жұмыс істейді. Бүгінде фабрика өнімнің 30%-н Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға экспорттайды. «Бал Текстиль» цифрлық трансформацияға қарай сенімді түрде қадам жасап, Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуда.
«Биыл біз цифрландыру бойынша жол картасына қол қойдық, оған 11 ірі кәсіпорын кірді. Біз оларға жол картасының іс-шараларын жүзеге асыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық технологияларды енгізуге жан-жақты көмек көрсетеміз. Сонымен қатар, біз «Astana Hub»-пен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, IT-компаниялар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасында байланыстырушы буын ретінде акселератор бағдарламасын енгізудеміз», – дейді «Kazakh Industry» АҚ цифрлық трансформация дирекциясының өкілі Айнұр Ақтанова.
Мамандар атап өткендей, өндіріс қана емес, сұраныс та өсуде. Жыл сайын Қазақстан тұрғындары 30 миллион шаршы метрге дейін кілем сатып алады – бұл бұрынғыдан бірнеше есе көп. Нарық қажеттіліктерінен қалып қалмау үшін фабрика қуаттылықты арттыруда: станоктар 24/7 жұмыс істейді, ал цифрлық шешімдермен бірге өнім сапасы да артады.
