«Бастау Бизнес» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдаудың мемлекеттік шаралар кешені шеңберінде іске асырылады.
Түркістан облысында жұмыссыздарға кәсіптік білім беру мақсатында Enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды қолдану бойынша 4 544 адам онлайн оқытудан өтті. Сондай-ақ, өз кәсібін бастау мақсатында жұмыссыздар қатарындағы 2 063 адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды.
Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы Skills.enbek.kz платформасына өтіп, оқуға кірісе алады.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаттың жарамдылық мерзімі – 3 жыл.
2025 жылы облыс әкімінің өкімімен «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы жылдың алғашқы бес айында 51 552 жұмыс орны ашылды. Олардың 18 мыңнан астамы тұрақты қызмет орындары болса, ал 33 мыңнан астам азамат уақытша жұмыс орындарына орналасқан.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың I тоқсанының қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,9 пайызға, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап отыр.