«Шымкентте 2024 жылдың 10 айында «Бастау бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке ісін ашу бойынша оқыту жоспарланып, «enbek.kz» электронды порталы арқылы 3313 адам оқуға тіркелген. Оның ішінде оқуды 2 571 адам аяқтаған» деп хабарлайды Narkesken.kz сайтының тілшісі Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқарманың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, “Бастау Бизнес” жобасын аяқтаған 2571 адамның 518-і оқуға дейін жеке кәсібін ашқан. Қалған 2053 адамнан 972 адам өз кәсібін ашқан. Яғни, белгіленген жоспардың 47,3% -ы орындалған.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жеке әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін бастапқы білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді.
Оқуға жұмыспен қамтудың мынадай санаттарының біріне жататын тұлғалар қатыса алады: тіркелген жұмыссыздар, ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар, қысқартылатын қызметкерлер, отбасылық кәсіпорындағы ақы төленбейтін қызметкерлер, табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер қатыса алады.
«Бастау Бизнес» оқуын сәтті аяқтағаннан кейін жобаға қатысушы аяқталғаны туралы сертификат алады және өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады.
«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн өтеді. Оқыту курсының ұзақтығы оқу курсы басталған сәттен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн. Онлайн оқыту курсы өтеусіз негізде ұсынылады.
Сұрақтардың жалпы санының 70 (жетпіс) пайызынан көп дұрыс жауап алған адамға платформада бірегей нөмір беріле отырып, оқуды аяқтағаны туралы электрондық сертификат беріледі. Сертификат жеке кабинетте көрсетіледі.
Оқуды аяқтау туралы сертификат оны алған күннен бастап үш жыл бойы жарамды.
“Бастау Бизнес” жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өтпегендер мемлекеттік қайтарымсыз грант байқауларына қатыса алмайды.