Туризм және спорт министрлігі Президент тапсырмасы бойынша балалар спортын дамыту мақсатында БЖСМ қаржыландыру жүйесін реформалауда. Мақсат – қызмет сапасын, қолжетімділігін арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету.
Бұрын БЖСМ сметалық қағидатпен қаржыландырылып, бір спортшыға жылына 233 мың теңге бөлінген. Бұл тәсіл оқушылардың қажеттіліктерін ескермеген, жаттықтырушылардың жалақысы төмен болған.
2026 жылдан бастап жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру енгізіледі. Бір спортшыға бөлінетін ең төменгі шығын 415 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Жаттықтырушылардың жалақысы біліктілігіне байланысты 30%-ға дейін өседі (мысалы, жас жаттықтырушының айлығы 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейін).
Басқару тиімділігін арттыру үшін бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі, бұл қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Жаңа жүйеге барлық мемлекеттік БЖСМ көшеді, қаржыландыру жергілікті бюджеттер мен мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асады. Бұл шаралар жаттықтырушы мамандығының беделін арттырып, балалар спортын дамытуға және сапалы спорттық резерв қалыптастыруға бағытталған.
