Бүгінде Шымкент қаласы инвестиция салуға қолайлы қалаға айналып үлгерді. Қазір шетелдік те, отандық та инвесторлардың жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатыр. Осы жылдың тамыз айында Шымкентте Орталық Азиядағы ең ірі қызанақ өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысын бастау туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда инвестор жер жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Бозарық» индустриялық аймағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Түркияның «Alarko Holding» компаниясы жер тегістеу жұмыстарын аяқтаған соң кезең-кезеңімен бетон құю мен болат конструкцияларын монтаждау жұмыстарын атқармақ. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы аяқталады.
Ауқымды инвестициялық жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды, ал жалпы ауданы 650 гектар. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, толықтай аяқталған соң 5 мың жұмыс орны құрылады.
Жылыжайдың жылдық жалпы өндірістік қуаттылығы 155 мың тонна қызанақ болады деп күтілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамытуды тапсырған болатын. Осыған орайда бұл жобаның рөлі зор. Сондықтан да әкімдік ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашан да дайын.
Жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етпек.
Компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайярлайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда.
Ауқымды жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.