БӘЙДІБЕК: ӨНДІРІСТІК ӨРЛЕУ ЖОЛЫНДА

Өңірлерді дамыту – ел экономикасын ілгерілетудің және халықтың өмір сапасын жақсартудың басты шарттарының бірі. Осы мақсатта «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба қабылданған. Бұл жоба елдің барлық аймақтарын кешенді түрде дамытуға бағытталған және бірнеше негізгі міндеттерді шешуді көздейді.  Жобаның маңызды бағыттарының бірі – өңірлердің экономикалық дамуы. Осы ұлттық жоба аясында бүгінде әрбір аймақтың әлеуетіне қарай шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстары жүргізілуде.
Бәйдібек ауданында Боралдай ауылдық округіне қарасты Жыланды елді мекенінде орналасқан «Шаян» индустриалды аймағында өндіріс орындарын ашу арқылы жаңа жұмыс орындарын  құрылуда.

Аталған аймақта 2024 жылы травертин тасын өңдеумен айналысатын «Рамирта» ЖШС жаңа өндірістік жобасының құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Жоба құны — 800 миллион теңге.

Бұл жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттырып, өңірді құрылыс материалдарымен қамтуға мүмкіндік бермек. Одан бөлек, жаңа жұмыс орындары құрылып, 44 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Сондай-ақ, биыл «Шаян» индустриалды аймағында «Каз Травертин» ЖШС травертин тасын өңдейтін тағы бір ірі кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аталған компания индустриалды аймақтан жер телімін рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 1,8 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 28 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов «Шаян» индустриалды аймағына барып, жұмыс барысын бақылады. Кәсіпкерлермен кездесіп, жобалармен танысты.

Жаңа бастамалар Боралдай ауылдық округінің экономикалық дамуына тың серпін беріп, индустриалды аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Жергілікті билік пен кәсіпкерлер арасындағы тығыз әріптестіктің нәтижесінде өңірде өнеркәсіп секторы жүйелі түрде дамып келеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар