Түркістан облысы экономиканы дамыту мен инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстарды белсенді жүргізіп келеді. Бұл стратегияның негізгі бағыттарының бірі – жаңа индустриялық аймақтар құру арқылы өнеркәсіптік кәсіпорындарды орналастыруға және өндірістік қуаттылықты арттыруға бағытталған инвестицияларды тарту. Осы бағыттағы жарқын мысалдардың бірі – Сауран ауданындағы шағын өнеркәсіптік паркінде іске қосылған халықаралық «UBC Group» компаниясының инвестициясы болып табылатын «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «UBC Group» компаниясының құрылтайшысы Игорь Бурдыленкомен кездесу өткізді. Бұл кездесу екі тарапқа өңірдегі инвестициялық жобалардың қазіргі жағдайын және оларды одан әрі дамыту жолдарын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Келіссөз барысында облыс әкімі өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және экспорт көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әсіресе, «UBC Group» компаниясының қатысуымен жүзеге асқан жобалардың тиімділігін күшейту және оларды кеңейту мүмкіндіктері жан-жақты қаралды.
Игорь Бурдыленко өз кезегінде, компанияның Орталық Азия нарығын тоңазытқышпен қамту және отандық өндіріс көлемін ұлғайту ниетін білдірді. Бұл ниет кәсіпорынды кеңейту және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын жандандырады. Осыған орай, «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» тоңазытқыш шығару зауытының екінші кезеңі іске асырылу сатысына өтуде. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,2 млрд теңгені құрайды және өндірістік әлеуетті айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында жалпы ауданы 1900 шаршы метр болатын жаңа өндірістік ғимарат салынады. Бұл инфрақұрылым заманауи талаптарға сай жабдықталып, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, кәсіпорында қосымша 50 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша, кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 50 000 дана мұздатқыш шығаруға жетеді. Бұл көрсеткіш кәсіпорынның ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттырады. Бұдан бөлек, жоба аясында 2 қосалқы өндіріс орнын іске қосу қарастырылған, бұл өндірістік тізбекті толықтырып, қосымша құнды арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріне экспортталуда. Алдағы кезеңде экспорт географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Әзербайжан, Грузия, Армения, Моңғолия, Тәжікстан және Түрікменстан нарықтарына шығу көзделген. Бұл Түркістан облысының сыртқы сауда байланыстарын нығайтып, өңірдің экономикалық дамуына оң ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Кездескен мәселелерді бірлесіп шешуге келісті.
Айта кетейік, былтыр Түркістан облысындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC Group» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «Jasyl suyq Qazaqstan» зауыты іске қосылған болатын. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 40 мың сауда тоңазытқышын шығару жоспарланып, 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылған болатын. Жалпы 1000 жұмыс орнын ашу көзделген және осы бағытта жоба кеңейтіліп жатыр.
