Сайрам – Түркістан облысындағы экономикалық әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Бұл өңірдің дамуына тек жергілікті қазақ халқы ғана емес, сонымен қатар аудан аумағында тұратын өзге этнос өкілдері де айтарлықтай үлес қосып келеді. Әртүрлі ұлттар мен мәдениеттердің бірлесіп жұмыс істеуі, өзара сыйластық пен ынтымақ ауданның экономикалық өркендеуіне тың серпін беріп отыр.
Ауданда қазақтардан басқа бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Бұл этностардың әрқайсысы өзінің кәсіпкерлік белсенділігімен, еңбекқорлығымен және біліктілігімен аудан экономикасына баға жетпес үлес қосуда. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету салаларында әртүрлі ұлт өкілдерінің белсенді қатысуы ауданның жалпы экономикалық өсуіне ықпал етеді. Мәдениеттердің байлығы мен әртүрлілігі ауданның әлеуметтік-рухани өмірін байытып, бір-біріне деген құрмет пен түсіністікті нығайтады.
Сайрам ауданының дамуына, ел ішінде тұрақтылық пен бірлікті сақтауға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Қожақорған ауылының тұрғыны Арсланкул ТҰРСЫНҚҰЛОВ. Ол өзінің еңбек жолын көлік жүргізушісі болып бастап, кейіннен механизатор, түрлі кәсіпорындарда жауапты қызметтерді атқарған. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірге белсенді араласып, Қожақорған ауылының биі ретінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, бірлігі бекем, тұрақтылығы мықты, әділдігі мен ынтымағы жоғары, сенімі мен жауапкершілігі мол қоғамды құруға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Арсланкул Тұрсынқұлов ауылдағы әлеуметтік шиеленістерді болдырмауға, дау-дамайларды шешу және қоғамдағы тыныштықты сақтауға айрықша мән береді. Ол әрқашан ашық диалогқа, өзара түсіністікке шақырады және кез келген мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысады. Оның бұл қасиеттері ауылдағы тұрақтылықтың негізгі кепілі болып табылады. Осындай еңбегіне орай ауылдастары оны Қожақорған ауылының биі етіп сайлаған.
Ол ауылдағы көпірлердің салынуы мен жөнделуіне бастамашы болып, «Қарасу» және «Достық» көпірлерінің құрылысында белсенділік танытқан. Сонымен бірге көшелерді жөндеу, жарықтандыру, электр бағаналарын ауыстыру, аяқжол салу, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Бұл жұмыстар ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Арсланкул Тұрсынқұлов учаскелік комиссия құрамында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың жағдайын анықтауға белсенді қатысып, оларға тиісті қолдау көрсетілуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жастар арасында спортты дамытуға да үлкен үлес қосып, футбол, волейбол, теннис секілді спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастыруға атсалысады. Бұл бастамалар жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына және ауылдағы спорттық белсенділікті арттыруға септігін тигізеді.
Арсланкул Тұрсынқұловтың елге сіңірген осындай көпжылдық қызметі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі мемлекеттік деңгейде бағаланып, жуырда ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапат оның аудан мен ауылдың дамуына қосқан үлесінің зор екендігін айғақтайды және басқа да азаматтарға үлгі боларлық іс-әрекеттерінің маңыздылығын көрсетеді. Сайрам ауданының экономикалық әлеуеті мен ұлттар арасындағы бірлікті нығайтуда Арсланкул Тұрсынқұлов сияқты белсенді азаматтардың рөлі ерекше.
