26/11/2024

ЕҢ ҚАЖЕТТІ МАМАНДЫҚ — ТАЗАЛАУШЫ МАМАНДЫҚ

Шымкент қаласының айнадай таза болуына аула сыпырушылардың қосар үлесі мол. Олар жыл мезгілінің кез келген күнінде қалалықтардың ауласы мен ішкі орам көшелерінің таза болуына атсалысып келеді. Жаман жұмыс жоқ, кез-келген жұмыс құрметке ие. Осы ретте біз адамның еңбегін, оның ішінде аулада және көшеде тазалық пен тәртіпті сақтайтын азаматтардың еңбегін көрсеткіміз келеді.

Қазақстан Республикасының Президенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадір-қасиеті жоғары екенін және оларды бағалдауымыз керек екенін айтып, еліміз солардың арқасында дамып жатқанын айтып өтті.

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Былтыр сәуір айында «Қаратау» аудандық коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылды. Сол уақыттан бастап ондағы жұмысшылар Қаратау ауданына тиесілі көпқабатты үйлер мен ішкі орам жолдарының таза болуына үлес қосып келеді. Дильфуза ИCМАИЛОВА осы мекемеде ашылған сәттен бастап аула сыпырушы болып жұмыс істейді.

– Бұл жұмыспен айналысқаныма 5 жыл болды. Жолдасым екеуіміз бірге аула тазалаймыз. Ол да осында еңбек етеді. Екеуімізге Нұрсәт шағынауданыда 20 көпқабатты үй берілген. Күн сайын таңғы сағат 08.00-де келіп, өз міндетімізге кірісеміз. Әр үйдің жанына қойылған қоқыс жәшіктерін босатып болған соң ауланы сыпырамыз. Кешкі сағат беске дейін аяқтап үлгеруіміз керек. Өйткені әрбір тұрғын ауласының қоқысқа толып тұрғанын қаламайды. Ол дұрыс талап. Жұмысымызды оңай деп айта алмаймын. Жыл мезгілінің кез келген уақытында өзінің қиындықтары болады. Жазда аптап ыстық, ал қыста суық. Жаңбыр жауғанда малмандай су болып қалатын сәттер де кездеседі. Ал күз мезгілінде жұмыс қарқыны арта түседі. Жапырақтар сарғайып, жерге көптеп түсіп жатыр. Оларды дер кезінде тазалап тұрмасақ, жұмысымыз көрінбейді. Қыста да қол қусырып қарап отырмаймыз. Аулалардағы қарды күрейміз. Шымкентте қар сирек жауады деген уәж айтылуы орынды. Қалай десек те, күрек пен сыпырғымыздың бос тұрған кезі болмайды. Әрдайым жұмыс табылады, — дейді Д.Исмаилова.

Дильфуза Исламәлиқызының тұрғындарға айтар өтініші бар. Олардың кейбірі үйінен шыққан қоқыс қалдықтарын арнайы алаңшаға жеткізбей, жол-жөнекей тастап кетеді. Енді бірі балаларын жұмсайды. Ал баланың ісі шала екені белгілі. Бұл аз десеңіз, аулаға қойылған қоқыс жәшігіне тұрмыс қалдықтарын салып кетеді екен.

Кейіпкеріміз тапқан табысына риза. Ол ай сайын қолына 185 мың теңге жалақы алады. Алғашында 80 мың теңге төленген екен.

– Жалақымыздың берекесін берсін деп, шүкіршілігімізді айтып отырмыз. Өзім жастайымнан тазалыққа құмар болдым. Үйіңнің де, өзің тұратын қалаңның да таза болғаны жақсы ғой. Осы игі істің ішінде күйеуім екеуміздің үлес қосып жүргеніміз біз үшін үлкен абырой.  Басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған. Мәселен, таңертең арнайы көлік үйден әкетіп, кешке жеткізіп салады. Жолкіре жұмсамаймыз. Ал түскі асымызды өзімізбен бірге ала келеміз, – дейді ол.

Дильфуза Исмаилова мен оның жолдасы Әбуәлі Бекзат бес перзентті өмірге әкелді. Үш қызын да қияға қондырып, бір ұлын үйлендірген. Ал кенже ұлы Өскемендегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.

«Қаратау» аудандық КММ директорының орынбасары Есбол Тәженовтың айтуынша, қазір бұл мекемеде 300 адам жұмыс істейді. Оның 140-қа жуығы аула сыпырушы.

– Біздің мекеме Қаратау ауданындағы тазалыққа жауап береді. Яғни 520 ішкі орам жолдары мен 505 көпқабатты үйлерді қамтимыз. Арнайы 10 көлік күн сайын таң атып күн батқанға дейін қаладағы қоқысты сыртқа тасиды. Біздің жұмысшыларды бірден танисыздар. Олар «Қаратау» аудандық КММ деген жазуы бар арнайы кеудеше киіп жүреді. Бұл азаматтар нағыз адал еңбек етіп жүр. «Күні бойы далада жүру оңай емес қой»  деген орынды пікір туады. Біз кейбір үйдің үй төрағаларымен келісіп, жертөледен орын алып бердік. Онда жұмысшылар түскі бір сағат үзіліс кезінде ас ішеді, аздап демалады. Айлықтары да бастапқыда 80 мың теңге болды. Бір жыл ішінде 187 мыңға жетті, – дейді Есбол Тәженов.

Аула сыпырушы мамандығы қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың муниципалды мекемелерінде, сондай-ақ кең алаңдары бар өндірістік кәсіпорындарда, базарларда, вокзалдарда сұранысқа ие. Қалалар өсіп, дамып келеді, сондықтан еңбек нарығында үнемі тазалаушылардың бос орындары бар. Бұл мәселені шешу қиын емес, бастысы – тілек пен еңбекқорлық. Бірте-бірте әлеуметтік стереотиптер бұзылып, адамдар осы лайықты кәсіптің өкілдері олардың өмірін жақсартып, жайлы ететінін түсіне бастайды.

Аула сыпырушы – бұл адамның жауапкершілігі, еңбексүйгіштігі мен тазалыққа деген сүйіспеншілігін көрсететін мамандық. Аула сыпырушылардың жұмысы ауыр, бірақ олардың еңбегі қоғам үшін өте маңызды.

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар