Азаматтарға жұмысқа орналасуға, персоналды іздеу мен іріктеуде жұмыс берушілерге жәрдем көрсету үшін – Enbek.kz электрондық еңбек биржасы жұмыс істейді. Электрондық еңбек биржасы – бұл мемлекеттік мансап орталықтарынан да, жеке агенттіктерден де, онлайн-сайттардан да бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді жинақтайтын елдегі алғашқы цифрлық алаң.
Шымкентте жұмысқа тұруға ниетті азаматтар Еңбек мобильді орталығына қарасты аудандық Мансап орталықтарының мамандарының көмегіне жүгініп, болмаса Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Порталда тіркелу арқылы түйіндеме орналастыруға, ал жұмыс берушіге бос орын туралы хабарлама қалдыруға; сұхбатқа шақырту алып, жұмысқа орналасуға немесе жұмыс орнын ұсынуға; мансап орталығына өзекті бос жұмыс орындары туралы мәлімет беруге;онлайн режимде статистикалық есеп беруге мүмкіндік қарастырылған.
Шымкент қаласында 2025 жылы қала бойынша жалпы 49 567 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Жыл басынан бері нақты 10 301 адам қамтылды. Оның ішінде 27 755 адамды түрлі мемлекеттік қолдау шараларына тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар, қалада іске асырылып жатқан даму бағдарламалары, концепциялар және азаматтардың жеке бастамаларымен құрылған кәсіпорындар арқылы 21 812 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған.
Жалпы жоспарланған іс-шаралар бірнеше бағытта жүзеге асырылуда. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау аясында 2 840 адамды қамту көзделсе, субсидияланатын жұмыс орындарына 6 045 адам жіберу жоспарлануда. Бос жұмыс орындарына 15 272 адам орналастыру қарастырылған. Кәсіби оқыту курстарына 3 598 адам жолдануы тиіс. Аталған бағыттардың барлығын қоса есептегенде, 2025 жылдың алғашқы кезеңінде нақты 9 000 адам қамтылып, жоспардың 18,2 пайызы орындалған.
Электронды еңбек биржасы құрылғаннан бері біртіндеп дамып, халықты жұмыспен қамту саласындағы бірегей алаңға айналды. Онда қызметкерлерді іздеу және іріктеу бойынша қызметтер ауқымы үнемі кеңейтіліп отырады.
Қазіргі таңда порталда жұмыс іздеуші түйіндемесінде көрсеткен кәсіби дағдыларының негізінде бос жұмыс орындары автоматты түрде іріктеледі. Сонымен қатар электронды еңбек биржасында мемлекеттік қызметке бос орындар жарияланып отырады.
Электронды еңбек биржасының тиімділігі мұнымен бітпейді. Enbek.kz-те бірқатар мемлекеттік қызметті онлайн алуға мүмкіндік бар. Мысалы, Enbek.kz арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге, бос жұмыс орындарына іріктеуге қатысуға, жұмыссыз мәртебесін алуға, жұмысынан айырылған жағдайдағы әлеуметтік төлемге өтініш беруге, жұмыспен қамту бағытындағы ұлттық жобаларға қатысып, уақытша жұмыс орындарына орналасуға және жұмыс күші артық аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуға өтініш беруге болады.
Одан бөлек, Skills.Enbek.kz онлайн-оқыту платформасында жаңа дағдыларды үйренеді, Business.Enbek.kz кәсіпкерлерді қолдау шарасы аясында «Бастау Бизнес» курсына тіркеліп, онлайн-оқудан өтуге, қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігі бар.
Қазіргі таңда электронды еңбек биржасы халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін жаңа мүмкіндіктер қосу үстінде. Солардың бірі – Tanda.enbek.kz бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі.
Жәрмеңкеде әр түрлі мамандық бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларын онлайн түрде таныстырады, бос жұмыс орындарын ұсынады және ең қолайлы кандидаттардың жеке базасын қалыптастырады. Өтініш берушілер өз кезегінде ұйымдардың HR-менеджерлерімен сөйлесе алады, әңгімелесуден өтіп, оларға өз сұрақтарын қоя алады. Бос жұмыс орнына кандидатпен видео-сұхбат жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Enbek.kz порталында жұмыссыздар үшін мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындары қол жетімді. Онда пайдаланушы қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, күміс жас, ұрпақтар келісімшарты, алғашқы жұмыс орны бойынша бос орындарды таңдай алады.
Жұмыспен қамтуда негізгі серпін беруші тетік Шымкент қаласының 2021–2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен концепциялар. Осы жоспарлар аясында 21 812 жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс, оның ішінде 2 610 орын даму концепциялары шеңберінде, 19 202 орын – азаматтардың жеке бастамалары негізінде құрылмақ. Бұл бағытқа шағын және орта бизнес субъектілерінің қосар үлесі зор.
Жеке бастамалар негізінде ашылып жатқан жұмыс орындарының басым бөлігі жеке меншік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріханалар, асханалар және тағы басқа да қызмет көрсету саласындағы нысандар арқылы жүзеге асуда.
Электронды еңбек биржасы арқылы шетелден де жұмыс табуға мүмкіндік бар. Ол үшін Enbek.kz-тегі «Шекарасыз жұмыс» қызметін пайдалану қажет. Онда Армения, Беларусь, Ресей мен Қырғызстанда мансап жасағысы келетіндер өтініш беріп, бағын сынап көруге болады.
Электронды еңбек биржасы жұмыс іздеушінің әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген өтініш берушіні жұмысқа орналасуға көмектесу үшін құрылған. Онда біліктілігі жоқ қарапайым жұмысшыдан бастап, қатардағы маман, жоғары жалақы төленетін басшылық қызметке дейін бос жұмыс орындары ұсынылады. Бұл цифрлы экожүйе азаматтарды мамандық таңдаудан бастап жұмыс берушімен еңбек шартын ресімдеуге дейін сүйемелдеп келеді.
Жалпы халықты жұмыспен қамтуға арналған шараларға белсенді түрде тарту ол тек қана әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету емес, сонымен бірге ел экономикасына тікелей үлес қосатын азаматтарды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіби оқыту, кәсіпкерлікке баулу секілді міндеттердің барлығы Шымкент қаласында жоспарға сәйкес жүзеге асып келеді.