26/11/2024

ЕҢБЕКҚОРЛЫҚ – ТАБЫС КІЛТІ

Эльвираның тойбастары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету», — деген еді.  Шымкенттік Эльвира ТАЛАЙБЕКҚЫЗЫ өзінің адал еңбегімен табысқа жеткен еңбекқор жан. Өзін жұмыспен қамтып қоймай, өзгелерді де адал еңбекпен табыс табуға үйретіп жүр.

Қазақ бар жиған тергенін тойға шашатын халық. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырғалы отырған ата-ана той жасаған кезде қуаныштарын барынша салтанатты түрде атап өткенді жөн санайды. Соның ішінде тарту-таралғыларға да аса мән беріледі. Мәселен, қазір кез келген қуанышты сәт тойбастарсыз өтпейді. Келген қонақтарға «жұғысты болсын» деп таратылатын сияпат бір бөлек те, құдалар тарапына берілетін тойбастар бір басқа. Заман өзгерген сайын тойбастар сыйлықтары түрленіп, жаңаша сипат алуда. Қазір құда болған жандар түрлі заманауи әрі элиталы кәрзеңкелер, қорапшалар жасап, оның ішіне тәттілер, нан тоғыз, жемістер, сусындар мен халық арасында «шуылдақ» деп аталып кеткен ұсақ-түйек заттар салынады.

Шымкентте күнде той. Олай болса, біз айтып отырған тойбастарларға деген сұраныс та жоғары. Неғұрлым қымбат, өзгеден ерекшеленетін әрі сәнді түрлері той иелерінің көңілінен шығуда. Міне, осындай әдемі бұйымдарды Эльвира Талайбекқызы жасап жатыр. Оның бұл кәсіппен айналысқанына бір жарым жылдың жүзі болды.

Қазір бір адамның табысына немесе бір жұмысқа қарап отыратын заман емес. Қолдан келсе, қоныштан басатын уақыт. Кейіпкеріміздің мамандығы – медбике. Декреттік демалысқа шыққанға дейін қаладағы балабақшалардың бірінде жұмыс істеген. Төртінші перзентін дүниеге әкелген кезде тойбастар жасаумен айналысуды жөн көреді.

«Менің қолымнан іс тігу келеді. Тапсырысқа киім тіктім. Бірақ бұл көңілімнен шыққан жоқ. Өйткені киім тігу үшін клиентті шақырып, оның өлшемін аласың, бойына шақтап тігесің, қайта өлшейсің деген секілді тұстары көп болды. Сосын «немен айналыссам екен?» деген сұраққа жауап іздей бастадым. Мен үшін клиентпен бетпе-бет келмейтін кәсіптің түрі маңызды болды. Сөйтіп ойлана келе, тойбастарға арналған кәрзеңкелер жасаймын деп шештім. Басында туыстарым қолдамады. «Бәрі базарда толып тұр ғой, сенің қымбат бұйымыңды кім алады?» дегендері де болды. Алайда олардың бұл сөздері мені тоқтатпады.

Мен сапаға мән беретінімді алға тарттым. Көйлекті бірнеше сағат тіккенше, бір кәрзеңкені 1,5 сағатта жасағаным артық деп, іске кірістім. Ең алғашында кәрзеңкелерді матамен қаптап жасадым. Ал қазір пластиктен және шыныдан істеймін. Соңғылары сәнге айналды және оларға сұраныс көп. Мата кәрзеңкелер – 9 мың теңге, шынысы – 20 мың теңге, ал пластик – 12 мың теңгеден басталады. Бүгінде шыныдан тәттілер мен косметика және кепкен жеміс салуға арналған сөмке түріндегі шағын тойбастарды ұсынып жатырмыз. Оның құрамында 6 дана болады. Бағасы 25 мың теңге тұрады», — дейді Эльвира.

Қыз ұзату және үйлену тойларына 4-5 кәрзеңке алынады. Пластиктен істелінген түріне тапсырыс жиі жасатылады. Өйткені ол жаңадан шыққан бұйым болғандықтан, көрінісі де әдемі. Кейбір қыз-келіншектер барлық түрінен жасатып, кейін жалға беріп, табыс табады.

Бүгінде той жасай қалсаңыз, «ананы қайдан алам, мынаны қайдан табам?» деген секілді сұрақтармен бас қатырмайсыз. Нарық толып тұр. Соның ішінде әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, түрлі ұсыныстарға көзіңіз ілеспей қалады. Эльвира да таргетттің көмегімен жарнамасын жасап, клиент тауып отыр.

Соңғы кезде қызға құда түсіп, сырға салуға келген тарап жөн-жоралғыны одан сайын көркемдей түскен. Мәселен, сәукеленің бейнесінде қорапша жасалынып, оның ішіне қызға тағатын сырға салынады. Ал матадан жасалған конверттерге «Қалың мал», «Ана сүті» мен «Әке ақысы» деп жазылған. Нағыз эстетика!

Эльвира Талайбекқызы кәсіп бастамас бұрын қалтадан ақша шықпайтын түрін іздестірген. Содан осы тойбастар бұйымын жасаумен айналысты. Оның айтуынша, клиент тапсырыс берген кезде кәрзеңкенің жарты ақшасын алдын-ала төлейді. Міне, соған дүкеннен қажетті материалын алып, іске кіріседі. Ал зат толық дайын болған кезде бұйымның жарты құны оның тапқан пайдасы болып есептелінеді. Эльвира қазір табыс табамын деген пысық келіншектерді осы кәсіптің көзін табуды үйретуде.

«Енді бастағалы отырғандарға артық зат алып шығындалмаңыздар деп айтам. Әбден қолды үйретіп, тапсырыс көбейе бастағанда жұмысты жеңілдету үшін шегені бұрайтын, әйнекті кесетін құралдарды сатып алуға болады. Мен той бизнесі тұралап қалады деп ойламаймын. Қазақ барын тойға шашатын халық. Оның үстіне Шымкентте кез келген қуанышты сәтті есте қаларлықтай, жарқыратып, думандатып өткізгенді қалайды ғой. Өз басым айына 400 мыңға дейін табыс табам. Бұдан бөлек курстарымнан түсетін пайда бар. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген әдемі сөз бар. Қимылдап, көзін тапқан сайын табысың мен берекең де арта түседі», — дейді кейіпкеріміз.

Эльвираның қолыннан шыққан бұйымдарға Алматы, Атырау, Ақтау, Павлодар қаласынан тапсырыстар түседі. Барлығы риза болып, алғысын жаудырады. Ал үлкендер жағы батасын береді екен. Мақсатсыз адам болмасы анық. Осы ретте Эльвира келесі жылы өзі жасаған бұйымдарды сататын үлкен дүкен ашуды жоспарлауда. Оның бұл бастамасын өмірлік серігі де қолдап отыр.

Біле жүрейік: Тойбастар – тойға келген халыққа таратылатын сый-сияпат. Әуелде «тойбастар» деп қыз ұзату, үйлену және осы сияқты тойларда айтылатын өлеңнің түрін атаған. Тойбастар жырының мазмұны жас отбасына игі тілек, өсиет, ақыл-кеңес ретінде келген. Тойбастардың шырқалуы тойдың біткенін, бірақ қуаныштың алда да жалғасын табатынын білдіреді. Оны орындаған қыз жігіттерге той иесі өзінің арнайы тарту-таралғысын ұсынып, алғысын айтқан.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар