«ЕР АЗАМАТҚА ТІГІН ТІГУ ЕМЕС, ЖҰМЫССЫЗ ЖАТУ – ҰЯТ»

Киім тігіп, тоқыма тоқуға әдетте әйелдердің шаруасы деп қарайтынымыз рас. Ал, кентаулық Сапархан Үкібай олай ойламайды. Ол тек ерлер мен құқық  қорғау органдағы қызметкерлеріне арналған киім тігеді.  Мамандығы технолог болғанымен, жүрек қалауы оны тігіншілікке алып келген.

Сапархан аға мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өзіне қажетті құралдарды сатып алған. Алдағы уақытта тағы да мемлекеттен берілетін мүмкіншіліктерді пайдаланып, кәсібін ұлғайтуды ниет етіп отыр.
Айтуынша, осы кәсіп түрімен айналысып келе жатқанына 30 жылдан асқан. Бір шаңырақтың отағасы бұл шеберлік ата-анасынан дарығанын айтады.

Сапархан ағаның жасы бүгінде 60-тан асқан. Өзі Отырар ауданында туып-өскен. 2003 жылы базарда тігін ательесін ашып, шағын кәсібін бастайды. 2006 жылы Кентау қаласында қоныс аударып, тағы да базардан тігін шеберханасын ашып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мамандығы бойынша іс жасамаса да, бұл салада жүргенін мақтан тұтады. Өз еңбегіне сүйіспеншілікпен, аса жауапкершілікпен қарайтын шебер алғашқы жұмысын 21 жасында шалбар тігуден бастапты.

«Бізде тігіншілікті ер азаматтардың ісі емес деген қате пікір қалыптасқан. Жігіттер тігін тігуді ұят көреді. Бірақ ең үлкен ұят – жұмыссыз жату. Тігіншілік – менің  сүйікті кәсібім. Мен осы кәсібім арқылы нәпақамды тауып келемін» дейді тігінші.

Кәсібін тек ер азаматтардың киімін тігуге бағыттаған шебердің шеберханасын іздеп тауып келетін клиенттерінің саны бүгінде жетерлік. Тапсырыс көлемі де көңілге қонымды. Осы сәтке дейін костюм-шалбар тігіп келсе, енді тек әскери формаларды тігіп шығаруда.

Тігінішіден үйренуге қызушылық танытан жастардың қарасы көп. Бірқатарына тәлім беріп, бүгінде олар әр жерде жұмыс жасап жатқанын айтады.
«Менің өнерім үлкен қызыма берілген. Бүгінде Алматыда тұрады, өзі тігін шеберханасын ашып, елге қызмет етуде. Немерелерім атамыз сияқты тігінші боламыз деп, менің кәсібімді мақтан тұтады екен, қуанып қаламын» дейді кәсіпкер.
Сапархан Үкібаев қазір кәсібін кеңейтуді жоспарлап жүр. Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар туралы кеңес алды. Тігінші өзі секілді қолынан іс келетін қарапайым адамдарға мемлекет жасап жатқан қолдауларға дән риза.

Міне, еңбекқор азамат осылайша, тігіншілік ер аза­маттың айналысатын шаруасы емес деген қалыптасқан пікірді жоққа шығарып отыр.

Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар