Нарықтық заманда кәсіппен шұғылданудың ұтымды тұсы көп. Күнкөріс деңгейін жақсартудың бірден-бір жолы – қолынан келген істі табыс көзіне айналдыру. Бұл ретте, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттың кәсіп иесіне тигізер пайдасы зор. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнара ҚӘРІМҚЫЗЫ осы қайтарымсыз гранттың арқасында өз бизнес идеясын іске асырып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алған.
Қайтарымсыз грант конкурсында Гүлнара Кәрімқызы ерекше балаларға арналған орталық ашу бойынша бизнес-жобасын сәтті қорғап, грантқа ие болған.
Жалпы, грант иегері Гүлнара Кәрімқызы 2022 жылы «Business Kids» орталығын ашқан. Жұмыс ауқымы кеңейген мекеме ерекше балалармен жұмыс істейтін «Асыл бала» орталығын іске қосыпты.
Бір мезетте 300 балаға қосымша білім бере алатын орталықта психикалық арифметика, кәсіпкерлік негіздері, бағдарламалау тілдерінің негіздерін меңгеру, дебат, STEAM бойынша тереңдетілген білім алады.
Ал, ерекше балалар үшін дефектолог, логопед, психологтар, ЕДШ, АВА мамандары көмектеседі.
25 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме құрылтайшысы Гүлнара Қәрімқызының айтуынша, орталыққа келген балалар аз ғана уақытта жоғары нәтижеге жеткен.
Айта кетейңк, дарынды балалар арасында Үндістанда өтетін сайысқа Шымкент қаласынан «Business Kids» орталығының оқушылары да қатыспақ. Бұл конкурсқа әлемнің 87 елінен үміткерлер қатысады.
«Business Kids» орталығының директоры мұндай үлкен конкурстарға шақырту алып, қатысудың өзі үлкен жеңіс деп есептейді.
– Ерекшелігі көп кәсібім өзіме шабыт сыйлайды. Алдағы уақытта кәсібімді бұдан әрі де кеңейткім келеді. Үздіксіз кәсіп жүргізудің артында жұртшылықтың айтар алғысы тұрады. Әрбір балаға көмегімді тигізіп, өз ісімді жандандырғым келеді. Негізгі мақсатымыз – ерекше балалар мен дарынды балалардың қоғамда орны бір екенін көрсету. Алдағы уақытта ата-аналармен де тығыз жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ата-аналар орталыққа келсе, мамандар қандай құжаттар керек және не істеу керек екендігін толық түсіндіріп береді, – дейді Гүлнара Қәрімқызы.
Қосымша білім беру орталығы жыл бойына, каникулдарда да тоқтаусыз жұмыс істейді.
Шымкент қаласында 2023 жылы бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 452 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Ал, 2024 жылы комиссияның шешімімен 428 адам қайтарымсыз грантқа ие болды. Олардың қатарында – мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар. Басты мақсат – халыққа қолайлы, ел экономикасына пайда тигізер бизнес ашу.