26/11/2024

ГРАНТ: ҚАРАПАЙЫМ МҰҒАЛІМНЕН КӘСІПКЕРГЕ АЙНАЛДЫ

Шымкенттік дизайнер Жаннұр Лесбекова – бүгінде қыз-келіншектерге тігін саласының қыр-сырын үйретіп жүрген он саусағынан өнер тамған шебер. Ол тұрмыста қолданатын көрпе, перде, ұлттық киімдерді тігуді үйретеді. 2000 жылдан бастап 20 жыл бойы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде ұстаздық еткен ол өз кәсібін шағын оқу курсынан бастаған. Кейіпкеріміз 2023 жылы қайтарымсыз грант қаржысы арқылы өндірістік әлеуетін арттырып, үлкен оқу орталығына айналдырды.

Елімізде алғаш рет қайтарымсыз грант беріліп жатқанда көптеген келіншек Жаннұр Өскенбайқызына тігін тігуді үйретуін сұрап, сол арқылы бизнес-жоба қорғауға ниетті екенін айтқан. Қыз-келіншектердің ұсынысын қабыл алып, декреттік демалыс кезінде оларға тігіннің әліппесінен бастап, кәсіби маман болуына дейін бар білгенімен бөліскен екен.

– Сол кездегі шәкірттерім осы тігін саласы бойынша грантқа өтінім беріп, комиссия алдында жобасын қорғап, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Нәтижесінде, шәкірттерім өз алдына кәсібін ашып, бүгінде шебер тігінші атанып отыр. Уақыт өте келе тігіншілік курсын оқуға ниеттенген қыз-келіншектердің саны артты. Сабақ өтетін орным да аядай, тігін құрылғылары жеткіліксіз болды, — дейді Жаннұр.

Өзгені үйрете жүріп, өзі де мемлекеттік бағдарламаға қатысып көруді жөн санайды. Сөйтіп жаңа бастаманы декреттік демалыста жүріп қолға алады.

– Мен де шәкірттерім секілді 2023 жылы бизнес-жобамды жазып, «көпбалалы ана» санатымен қайтарымсыз грантқа өтінім бердім. Өз ісімнің маманы болғасын комиссия алдында ұсынған жобамды қорғап шығу қиынға соқпады. Комиссия бизнес-жобамды мақұлдап, қайтарымсыз қаржыға ие болдым. Қаражатқа өндіріске арналған автоматтандырылған тігін машиналары мен құрылғылар, манекендер сатып алып, үлкен оқу орталығына айналдық, – дейді шебер.

Осылайша кейіпкеріміздің шағын оқу орталығы өндірістік деңгейге жеткен. Сөйтіп 2023 жылдың қыркүйегінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен келісім-шарт түзіп, «Дизайн» факультетінің студенттерін өндірістік пәндер бойынша сабақ беретін болып келісті. Қазір «Жан-Нұр» оқу орталығында қаламыздағы қыз-келіншектермен бірге студенттерге де сабақ беріп, тігін түрлерін, киім тігу барысында конструкциялау, модельдеу секілді бағыттарды үйретіп жүр. Одан өзге құрақ құрау, кесте тігу секілді ұлтымыздың қолөнерінен де сабақ береді.

– Қарапайым мұғалімнен кәсіпкерге, шағын оқу курсынан өндірістік орталыққа жетуге 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржының көмегімен жеттім. Болашаққа деген жоспарым өте көп. Десе де, жобаларымды жүзеге асыруға демеп жіберген мемлекетімізге рахмет айтамын, – дейді кейіпкеріміз.

Еске сала кетейік, 2024 жылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант 428 азаматқа берілді, ал 2023 жылы 452 адам алған.

Грантқа үміткерлер, яғни халықты осал тобына жататын азаматтар бірінші кезекте «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарайды. Екіншіден, грантқа үміткерлер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан әзірленген «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар