Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Қайтарымсыз грант алып, мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпке бет бұрғандардың бірі — Шымкент қаласының тұрғыны Құдайберген Иманалиев. Кейіпкеріміз – 7 баланың әкесі. Өзі спорт жаттықтырушысы болып қызмет еткен.
Құдайберген Иманәлиевтің жылқы малына деген қызығушылығы басым түсіп, мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болып, екі бие сатып алады. Көпбалалы отбасы содан бері бие сауып, қымыз сатуды кәсіпке айналдырып келеді. Бүгінде қорасында мал басы да артқан.
– Жылқы – төрт түліктің төресі. Жеті перзентімнің несібесі шығар, кәсібім қазір тұрақты табыс әкелуде. Дайындаған саумал, қымызымыз көрші-қолаңнан артылмай жатыр. Қымызымызға одан қалды қаладағы ұлттық тағам әзірлейтін мейрамханалардан тапсырыс түседі. Балаларымда да малға деген қызығушылық оянып, ұлым тіпті мал дәрігерлігіне оқуға түсті. Бұйырса алдағы уақытта мал басын көбейтіп, кәсіпті кеңейтпек ойымыз бар, – дейді Құдайберген Иманалиев.
2024 жылы Шымкентте грант алуға екі лекте 2 426 адамнан өтінім түсті, соның ішінде 428 бизнес-жоба комиссия тарапынан мақұлдауға ие болды. Осы бизнес-жобалардың 44-і – мал және құс шаруашылығына, 100-і – қызмет көрсету салаларына, 56 жоба – кондитер және нан өнімдеріне, 84-і – тігін, 31 жоба – жартылай фабрикаттар, 8-і – жиһаз өндірісі, 62 жоба – өндіріс саласына, 43-і қоғамдық тамақтану орындарын іске қосуға арналған.
Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз қаражат алуға өтінімдер электронды форматта қабылданды. Бұл қолдауға еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түсті.
Қатысушылардың жұмыссыздыққа тіркелген немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Сонымен қоса, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуы шарт.
Қайтарымсыз грант қаржысын несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қолданылмайды.