Қолөнер бүгінгі күні қайта сәнге айналды. Хас шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар тұрмысымызға сән береді. Ал шеберлерге рухани ләззат сыйлары хақ. Он саусағынан өнер тамған сондай шебердің бірі — шымкенттік Әйгерім Әлімқұл. Бұл өнерді ол декреттік демалыста меңгерген. Бастапқыда бұл ісіне хобби деп қараса, бүгінде табыс көзіне айналдырып отыр.
Қазір елімізде өнерінің арқасында өзін ғана емес, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған азаматтар жетерлік. Өкінішке қарай, елдегі жұмыссыздықты, қымбатшылықты, басқа да проблемаларды сылтауратып, өз өміріне көңілі толмай, үнемі шағым айтып жүретін жандар да аз емес. Олар өзінің жалқаулығын, кертартпалығын, білімі мен біліктілігінің төмен екенін, сол себепті еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алмай отырғанын мойындағысы келмей, бар кінәні қоғамға арта салуға бейім. Осы ретте адал еңбек етіп, тынымсыз тірліктің басы-қасында жүрген жандарды дәріптеуді жөн көрдік. Мұндай азаматтар өз ісін дөңгелетумен қатар өзгелерге де пайдасын тигізіп келеді.
Шымкенттік қолөнер шебері Әйгерім Әлімқұл тоқыма өнерін үйренгісі келетіндерге арнайы курс ашыпты. Оның айтуынша, өнердің бұл түріне қызығушылар қатары аз болмапты. Енді ол астаналық қыз-келіншектерді өнердің осы түріне баулып жатыр.
– Шымкенттегі шеберханамды ретро-стильде безендіргенмін. Шәкірттерім «бөлме ішіне қойылған жиһаздар, радиодан шырқалып тұратын ретро әндер бізді тоқсаныншы жылдарға жетелеп кеткендей болады» дейтін. Астанадағы шеберханамды кішкене басқашалау еттім. Өйткені, бұл жер кең, қабырғалардың көп бөлігін терезе алып тұр. Жарық. Сондықтан, сөрелерге түрлі-түстілігімен көз тартатын жіптерді қойдым. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Шеберханаға келген адам сырттағы қым-қуат тіршіліктен бір сәт алшақтап, жүрегі тыныштық тапқандай күйге енуі керек. Сол себепті мен бірінші кезекте шеберханамның жайлы болуына көңіл бөлемін, – дейді Әйгерім.
Елордада тоқыма өнеріне қызығатын қыз-келіншектерге курс өте бастағанына бір айдан асыпты. Оның айтуынша, мұнда бұрын-соңды тоқымашылардың басын құрап, оларға бүгінгі нарық сұранысына сай бұйымдардың қалай тоқылатынын ешкім үйретпеген екен. Содан ба, Әйгерімнің шеберханасына келушілер көп.
Қазір Әйгерімнен дәріс алатын 30 оқушы бар. Олар тоқуды үйреніп шығу үшін 3 ай бойы білім алады. Тоқып үйренгісі келетіндердің арасында зейнет жасындағылар да бар. Тіпті, жасы 70-тен асқан әжелерді де кездестіруге болады. «Әжелер қызындай, енді бірінің немересіндей жастағы менен өнер үйреніп жүргендеріне еш арланбайды. Қайта «Қаршадай ғана Әйгерім бізге осындай сұлулық сыйлап жатыр» деп қуанады» дейді кейіпкеріміз.
Әйгерім колледж бен университетті заңгер мамандығы бойынша бітіріп, жұмыс істеген. Декреттік демалысқа шыққаннан кейін интернеттен алдымен сөмке, кейіннен балаларға арналған киімдерді тоқуды үйреніпті.
– Шынымды айтсам, менде тоқымамен айналысып, оны кәсіп етемін деген ой болған емес. Тіпті, бала күнімде де бойымнан мұндай өнер байқалған жоқ. 2017 жылы декреттік демалысқа шыққаннан кейін тоқыма тоқуға құмарта бастадым. Ютуб каналынан қыз-келіншектерге арналған сәнді сөмке, одан кейін түрлі ойыншықтар тоқып үйрендім. Осылайша, әр бұйым біткен сайын тоқуға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді ол.
Бүгінде Әйгерім өзі секілді тоқыма тоқуды сүйікті ісіне айналдырғысы келетін шәкірттеріне интернеттен тоқылған киім үлгілерінің ішінен ұнағанын таңдап, сол бойынша адамдардан тапсырыс жинап, бір айдағы жұмыс жоспарын жасауға болатынын айтады.
– Бір айда шамамен 3-4 киім тоқуға болады. Соларды бітіріп, тұтынушыларға жеткізіп бергенше келесі тапсырыстарды қабылдамау керек. Өйткені, қолмен тоқу көп уақытты талап етеді. Әрі тоқып отырғанда жаңа бір өзгеріс енгізуді ойлайсың. Мен шеберханаға психологтар мен коучтарды шақырып, шәкірттерімнің психологиялық тренингтерден өтуіне мүмкіндік жасаймын. Бұл олардың уақыттын тиімді пайдаланып, әр күнін жоспарлай алуына көп көмегін тигізеді, – дейді Әйгерім.
Кейіпкеріміз – өз стилі қалыптасқан тоқымашы. Оның қолмен кестелеп тоқыған бір көйлегі 180 мың теңге тұрады. Шебер мұндай сәнді көйлектерді тек тапсырыспен ғана тоқиды. Қарап отырсаңыз, кейіпкеріміздің тоқыма саласында үлгі алатын адамы жоқ. Дегенмен, оны осы істе шабыттандыратын дүниелер бар. Солардың бірі ретінде оның шәкірттерінің ынтасын айтуға болады.
– Мен шеберханада оқушыларыма тоқыма тоқуды үйретіп қана қоймаймын, оларға бағыт-бағдар беремін. Шәкірттерім негізгі жұмысты үйлерінде істейді. Ал, мұнда олар қолдарын жаттықтырып, үлгіні оқуды және сол бойынша жұмыс істеуді, киімнің өлшеміне қарай неше ілмек қажет екенін есептеуді үйренеді. Шымкентте әр оқушыдан тоқыманы үйренгені үшін айына 35 мың теңге алатынмын. Алайда, бұл оқу курсымның бағасына көпшілік таңқалатын. «Тоқыма тоқуды үйрену де осындай қымбат бола ма?» дейтін.
Мен үшін тоқыма өнері – жай өнер емес. Ол – таза еңбекті талап ететін өнер. Сондықтан, оны арзанға бағалай алмаймын. Біле білгенге, бұл көз майыңды тауысып отырып жасайтын бейнеті көп жұмыс. Көпшілік тоқыманы жасы егде тартқан аналар айналысатын ермек деп қарайды. Бұрындары солай болған шығар. Ал, қазір уақыт өзгерді. Талғам өзгерді. Тоқыма өнеріне де жаңашылдық келді. Қолмен тоқылған бұйымдар трендке айналды. Қазір Астанада үш айлық оқу курсымды 150 мың теңгеге бағалап отырмын. Әзірге бұл жағынан шағым айтқан ешкімді байқамадым. Қайта мұнда тоқымадан хабары бар және оны үйренуге құштар жандар көп, – дейді Әйгерім.
Алғашқыда отбасымен жалдап тұрған пәтерінің аядай бір бөлмесін шеберханаға айналдырып, адамдарға тоқыма тоқуды үйреткен Әйгерім қазір өнерінің өмірін өзгерткеніне сене алмайды. Бұйыртса, ол дәл осындай шеберхананы еліміздің өзге өңірлерінен де ашуды мақсат етіп отыр.
NARKESKEN.KZ