INDIGO: БАЛАБАҚШАҒА КЕЗЕКТІ АВТОМАТТЫ ТҮРДЕ ҚАЙТА ЕСЕПТЕЙДІ

Шымкенттің білім саласында цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде енгізіліп, сыбайлас жемқорылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Саладағы түрлі комиссиялар мен қағазбастылықтың алдын алу және адами факторларды мүмкіндігінше азайту мақсатында автоматтандырылған жүйелер енгізілді.

Мегаполисте баланы балабақшаға орналастыру INDIGO электронды жүйесі арқылы жүзеге асырылады. 1 шілдеден бастап мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау кезегі жаңартылып, жаңа өтініштер қабылданып жатыр. Яғни INDIGO жүйесі кезектерді автоматты түрде қайта есептеуге кірісті.

Қалалық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 10 000-ға жуық орын ұсынылады.  Бұл процесс мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесі аясында жүзеге асырылады.

Ваучерлік қаржыландыру ата-ананың балабақшаны өз еркімен таңдауын қарастырады. Осылайша, барлық балабақша балалар үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар ата-аналар сапаға назар аударады. Ата-аналар бас тартатын ең нашар бақшалар өздігінен жабылады немесе білім беру сапасын жақсартуға көшеді. Баланың деректерін цифрландыру, сондай-ақ, «жалған тіркеуге» қатысты ұзақ жылғы мәселені шешеді.

Жүйе мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыруға және бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге ақша бөлу тәртібі өзгерді. Қаржы енді ұйымдар арасында бөлінбейді, ата-аналардың арнайы шоттарына аударылады. Олар баласын қай балабақшаға беру керегін таңдайды. Яғни, мұндағы ұран: «қаражатты баланың соңынан ілестіру».

INDIGO ақпараттық жүйесінде 20-30 маусым аралығында өтінімдерді қабылдау және ваучерлер беру уақытша тоқтатылды — жүйе жаңа түсімдер үшін орын босатады. Осы уақытта 6 жасар тәрбиеленушілер тізімнен шығарылып, 2025-2026 оқу жылына жаңа топтар құрылуда.

Енді 2 жасқа толған балалар (немесе 2025 жылдың соңына дейін) «белсенді емес» 21-ші санаттан ваучер алу құқығымен басымдыққа ауысады. Алдымен бос орындарды баланы бір бақшадан екіншісіне ауыстырғысы келетіндер алады. Осыдан кейін барлық ваучер алушылар үшін қалған орындарға кіру мүмкіндігі ашылады.

Жүйе автоматты түрде жұмыс істейді, яғни бос орындарды қолмен іздеудің немесе «ұстаудың» қажеті жоқ. Кезекте тұру және ваучер беру туралы хабарламалар ED24-ке келіп, INDIGO порталындағы жеке кабинетте көрсетіледі.

Эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарына сай егер топтағы вакцинасы жоқ балалардың үлесі 10%-дан асса,  жаңа өтінім қабылданбайды. Бұл талап ҚР Оқу-ағарту министрінің №372 бұйрығына негізделген.

Сондай-ақ, құжаттарда қате анықталса, өтінім INDIGO жүйесі арқылы кері қайтарылады, бірақ түзеткеннен кейін қайта жолдауға мүмкіндік бар

Айта кетейік, Шымкентте 631 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 68-і – мемлекеттік, 563-і – жекеменшік.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар