26/11/2024

ИНКЛЮЗИВТІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫ: 951 ЕРЕКШЕ ЖАН ЖҰМЫСТЫ БОЛҒАН

Қазан айының екінші жексенбісінде елімізде Мүгедектігі бар азаматтар күні атап өтіледі. Бұл дата Біріккен ұлттар ұйымының ұйғарымымен 1992 жылдан бастап атап өтілуде. Мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын сақтау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару. Осы орайда Шымкентте Жастар ресурстық орталығында қаладағы 300-ге жуық мүгедектігі бар азаматтың қатысуымен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Мейірім — жан шуағы» атты ауқымды мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шара алдында келушілер мүгедектігі бар азаматтардың қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты. Көрмеге қойылған түрлі кәдесыйлар мен ұлттық қолөнер бұйымдары қонақтардың көңілінен шығып, ерекше қызықтырды. Тіпті кейбірі қолөнер бұйымдарын сатып, қосымша қаржы тауып та жүр екен.

Салтанатты жиында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Әлімұлы барша азаматтарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Басқарма басшысының орынбасары өз сөзінде мүгедектігі бар жандарға мемлекет және Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан жасалып отырған қамқорлық пен қолдаулар туралы айтып өтті.

Айта кетейік, «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедектігі бар азаматтарға  ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және жұмысқа орналастыруға  жәрдем беру бағытында қызметтер көрсетіледі.

Еңбек мобильділігі орталығы «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығымен бірге  тұрғындарды жұмыспен қамту шараларына тарту мақсатында көп әрекет жасап жатыр.

Мәселен, әкімдіктің биылғы жоспарында 1500-ға жуық мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Биылғы 9 айда Еңбек мобильділігі орталығына 2155 мүгедектігі бар жан жұмысқа тұруға өтініш жасаған. Олардың 951-і жұмыспен қамту шараларына қатысып, қазіргі таңда жұмыс орындарында еңбек етіп жатыр. Осы тұрақты еңбекпен қамтылғандардың ішінде 344-і — жастар.

– Үкіметтің жұмыспен қамту шараларының 2025-2026 жылдар аралығындағы Ұлттық жобасы аясында белгіленген алты бағыт бар. Атап айтқанда, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Қоғамдық жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты». Осы бағыттарда азаматтармен бірге мүгедектігі бар жандарды да жұмысқа тұрғызу міндеті қарастырылған. Әлеуметтік жұмыс орнына жолданған азаматтардың жалақысының 35 пайызын Еңбек мобильділігі орталығы өзі төлеп береді. Яғни субсидиялайды. Қазір мүгедектігі бар 9 адам «Әлеуметтік жұмыс орны» бағытымен еңбек етіп жатыр. «Күміс жас» бағытында азаматтар 3 жылға жұмысқа тұрады. Осы кезеңде Еңбек мобильділігі орталығы бірінші жылы жалақының 75 пайызын, екінші жылы 70 пайызын, үшінші жылы 65 пайызын өзі өтеп береді. «Күміс жас» бағдарламасы жасы елуден асқан азаматтарға арналған. Себебі елуден асқанда жұмыссыз қалған адамдарға бір жерден жұмыс табу өте қиын. Сондықтан мемлекет зейнеткерлік жасқа жақындаған адамдарға қамқорлық көрсету мақсатында Ұлттық жобаға осы бағытты енгізіп отыр, – дейді Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Бағдат Мақсұтұлы.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар