Шымкентте жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейінің тқмендеуіне ықпал еткен. Өткен жылмен салыстырғанда мегаполисте жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде хабарлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» Жолдауында инвестициялық климатты жақсарту және кәсіпкерлік жағдайларын қалыптастыру бойынша нақты тапсырма берген. Осы Жолдауда Президент жаңа инвестициялық циклды іске қосып, жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керектігін атап көрсетілген.
Мегаполистің экономикасына шетелдік инвестициялар тарту мәселесі табысты жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция тарту бойынша жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында «Инвест Шымкент» фронт-офисі белсенді жұмыс істеп, қала аумағында инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу қызметін көрсетуде. Инвесторларға бизнес-жоспар әзірлеуден бастап, жобаны іске асыру үшін қажетті барлық рұқсат құжаттарын алу бойынша 2000-нан астам қызмет көрсетілді.
Нәтижесінде, инвесторларды қолдау арқасында инвестициялар көлемі 536,4 миллиард теңгені құрады. 220 инвестициялық жобалар пулынан тұратын жобалар саны 2,7 триллион теңгеге жетіп, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында Шымкент қаласына инвесторлар көп келіп жатыр. Бүгінде қалада бірнеше ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.
- Түркияның «Аларко Холдинг» компаниясымен 650 га аумақта ең үлкен жылыжай кешенін салу жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 650 миллион АҚШ доллары. Жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған.
- «АКСА Энерджи» компаниясымен 500 МВт қуаттылығы бар парогазды қондырғыны салу туралы 700 миллион АҚШ доллары көлемінде келісім-шарт жасалды. Бұл жобаның жүзеге асуы қала тұрғындарын сапалы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- «ИНТЕРТРАНС» компаниясымен 150 миллион АҚШ доллары көлемінде полипропилен ұнтағын өндіру зауытын салу туралы келісім-шарт жасалды. Жобаны жүзеге асыру үшін 20 гектар жер бөлінген.
Осы жобалар Шымкенттің экономикасына елеулі үлес қосып, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жұмыс орындарын құрып, халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр.
Өңірдегі белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты.
Биыл жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, жұмыспен қамту шараларына 45 мыңнан астам адам тартылып, 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды (оның ішінде, жеке бастама – 18,3 мың адам, бос жұмыс орындарына – 13,4 мың адам).
Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30 пайызға азайды (2023 ж. 10 айы – 12 108 отбасы, 2024 ж. 10 айы – 8 511 отбасы).
Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді (респблика бойынша – 4,6 пайыз, Шымкент қаласы — 3 орын).