ИРАНДЫҚТАР ҚАЗАҚЫ НАҚЫШТАҒЫ КІЛЕМ ТОҚУДЫ ҚОЛҒА АЛМАҚ

Жасыратыны жоқ, бүгінде қой жүні елімізде қажетсіз шикізатқа айналды, оны өртейді немесе жерге көмеді. Себебі біздің елімізде жүн өңдеу кәсіпорындары жоқ. Сарапшылардың пікірінше, қыруар қаржы көзіне айналдыруға болатын табиғи өнім текке кетуде. Осы олқылықтың орнын Иран Ислам Республикасынан келген инвестор толтырмақ. Шетелдік кәсіпкер бізде қажетсіз шикізатқа айналған мал жүнін өңдеп, қазақы нақыштағы кілем тоқу жобасын Ордабасы ауданынан қолға алуға ниетті.

Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, олардың жоспарларымен танысты. Кездесу барысында ауданның даму бағыты мен әлеуеті таныстырылып, екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Мал жүнін өңдеу және қазақы нақыштағы кілем тоқу жобасы үшін аудан аумағынан 1 гектар жер телімі қарастырылмақ.

Сонымен қатар  ауданда жүзім шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру да жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 50 гектар жер телімі белгіленген.

Аталған жобаларды жүзеге асыруға Иран Ислам Республикасынан келген шетелдік инвестор «Талифа» ЖШС ниетті. Бұл жобаларға Қажымұқан және Қарақұм ауыл округтері аумағынан қажетті жер телімдерін бөлу мәселесі қаралып, құжаттары «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы рәсімделмек.

Аталған жобалар жүзеге асқанда өңдеу өнеркәсібі саласында өнімнің жаңа түрлері өндіріледі. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптің және аудан экономикасының дамуына серпін беретін бермек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар