САЙРАМДА ІРІ ЕТ КОМБИНАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

«Сайрам ауданында 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешені іске қосылуға дайын. Аудан әкімі Арман Сәбитов агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан  комбинаттың жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады», – деп хабарлады  Narkesken.kz ақпарат агенттігі Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«KAZ ECO MEAT» ЖШС мұнда ірі қара малға арналған бордақылау алаңынан бөлек, мал сою пунктін де қарастырған. Алдағы уақытта кәсіпорынында шығарылатын еттен ешқандай қалдық қалмайтын болады. Жобаны жүзеге асырушы кәсіпкерлердің айтуынша, малдың басынан бастап, ішек-қарын, сирағы мен сүйегіне дейін пайдаға асырылмақ. Тіпті, етті өндіру барысында пайдаланылған судың өзі жай төгілмей, қайта өңделеді. Сонымен қатар, кешен құрамында етті терең өңдейтін цех пен қан өңдеу кәсіпорны бар. Аталған ірі жоба толық толық іске қосылған соң 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тоңазытқыш камераларды орнату жүргізілуде. Ондағы құрылғылар негізінен Беларусь және Қытай елінен алып келінген.

Комбинат жұмысымен танысу барысында аудан басшысы Арман Сәбитов бұл жобаның өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы зор екендігін атап өтті. Әсіресе, осындай ірі жобаның халқы еңбекқор, шаруашылығы дамыған Сайрам ауданында бой көтеруі өте тиімді болмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар