КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің  баламалы қуат көздерін дамыту және жасыл экономикаға бет бұру туралы саясаты басты назарда. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде Бәйдібек ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясын салу жобасы іске асырылмақ.

Бұл жобаның жүзеге асуына байланысты аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев пен «ASIA ENERGY CO» ЖШС бас директоры Бауыржан Керімқазы арасында кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар жобаның техникалық, экономикалық және ұйымдастырушылық аспектілерін жан-жақты талқылады.

Аудан әкімдігі жобаны іске асыру үшін Боралдай ауылдық округінен 50 гектар жер телімін жалға беру мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл аумақ күн электр станциясын орналастыруға қолайлы болып табылады. Сонымен қатар, аудан әкімдігі кәсіпорынға қажетті барлық қолдау шараларын көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл қолдауға тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу кезеңіндегі сүйемелдеу жұмыстары да кіреді.

Кездесу қорытындысымен Бәйдібек ауданы әкімдігі мен «ASIA ENERGY CO» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі тараптың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға, жаңа технологияларды енгізуге, жеке инвестицияларды тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірлескен іс-қимылын айқындайды.

Бұл жобаның іске асырылуы Бәйдібек ауданы үшін маңызды инвестициялық қадам болып табылады. Күн электр станциясының салынуы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып, экономикасына оң серпін береді. Жасыл энергетикаға көшу арқылы аудан қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосады, сондай-ақ тұрақты дамуға жол ашады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және ауданның инвестициялық тартымдылығын жоғарылатуға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар