КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫНА ОЙЫН АЛАҢШАЛАРЫ ОРНАТЫЛУДА

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауы – бұл елдің даму бағыттарын айқындайтын, маңызды реформалар мен бастамаларды жариялайтын құжат. 2020 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.  Осы маңызды бастаманың іске асуында Кентау қаласы ерекше көзге түсуде. Кентау қаласында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы қаланың инфрақұрылымын жақсарту жобалары қарқынды жүзеге асуда.

Бұл бағдарлама әр тұрғынға өз қаласының дамуына тікелей үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұрын тек қана мемлекеттік органдардың шешімімен жүзеге асатын жобалар енді халықтың өздерінің ұсыныстарымен, өздерінің қажеттіліктеріне сай жүзеге асырылуда. Бұл – қала тұрғындарының өз ортасына деген жауапкершілігін арттырып, олардың белсенділігін ынталандырады.
Қала әкімдігі осы бағдарлама аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында аулаларға балаларға арналған ойын алаңшалары мен кіші футбол алаңдарын орнатуды қолға алды.

Қала әкімі Жандос Тасов абаттандыру жұмыстарының барысын бақылап, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі тиянақты атқарылуын қамтамасыз ету үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ойын алаңшалары мен спорттық нысандар Ы.Алтынсарин көшесіндегі №3, 5, 7 үйлердің, Ясауи даңғылындағы №96, 98 үйлердің, Абай даңғылындағы №11 үйдің, Д.Қонаев даңғылындағы №33 үйдің, Төле би көшесіндегі №39 үйдің, Ата-Түрік көшесіндегі №52 үйдің, Ерназаров көшесіндегі №49 үйдің, Құралбаев көшесіндегі №28 және №92 үйлердің, Әл-Фараби көшесіндегі №110 және 114 үйлердің, Ш.Уәлиханов көшесіндегі №44, 48, 136 үйлердің, сондай-ақ Т.Рысқұлов көшесіндегі №63 үйдің аулаларында орнатылуда.

Абаттандыру жұмыстарының басты мақсаты – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, балалар мен жастардың қауіпсіз әрі қызықты ойын алаңдарында уақыт өткізуіне жағдай жасау. Ойын алаңшалары мен спорттық нысандар балалардың физикалық белсенділігін арттыруға, әлеуметтік байланыстарын нығайтуға, сондай-ақ, отбасылық демалыс үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта Кентау қаласының басқа да аулаларын абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және жастардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Кентау қаласының әкімдігі тұрғындардың пікірлерін естіп, абаттандыру жұмыстарын одан әрі жетілдіру үшін халықпен тығыз байланыста болуды жоспарлап отыр. Тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріліп, алдағы уақытта абаттандыру жобаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жасалатын болады.

Сонымен қатар, қала әкімдігі балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды да қолға алмақ. Бұл шаралар жастардың белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ, қоғамда белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар