Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, халықтың әл-ауқатын арттыру және кедейлік деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Аталған салалардағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралды. Жиын барысында облыс әкімі кемшіліктерге жол берген жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне сын-ескерту айтып, жұмысты ширатуды талап етті.
Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі нақты жағдай мен алдағы міндеттерді айқындаған баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша еңбек қатынастарын рәсімдеу әлі де өзекті мәселе болып қалуда. Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметіне сәйкес, өңірдегі 3329 мекемеде 10 449 қызметкермен еңбек шарттары тіркелмеген. Бұл көрсеткіш әсіресе кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салаларында жиі кездеседі. Бұдан бөлек, 2601 мекемеде 7677 адаммен еңбек шарты жасалмаған, 15 234 мекемеде 55 790 қызметкерге міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған, ал кейбір мекемелерде қызметкерлер жазатайым оқиғалардан сақтандырылмаған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жағдайды сынға алып, «Еңбек шарттарын тіркемеген, міндетті зейнетақылары аударылмаған, жазатайым оқиғадан сақтандыру бойынша тиісті шарттарын жасамаған мекемелердің тізімін жасақтап, кемшілікті толық ретке келтіру қажет» деп тапсырды.
Сонымен қатар, әкім атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын заңға сай азайтуымыз керек. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, аймақтағы кәсіпорындар мен мекемелермен байланыс орнатып, оларды тиісті жұмысшылармен қамту шараларын күшейтіңіздер. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіпорындар ашу. Сонда ғана экономика көтеріліп, өзіндік кіріс ұлғаяды», – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста халықты әлеуметтік қолдау және кедейлікті азайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға дейін 59 062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 6,5 млрд теңге қарастырылып, кедейлік деңгейін 2,7%-ға дейін төмендету жоспарланған. Жылдың бірінші тоқсанында 36 890 адамға (5960 отбасы) 1,6 млрд теңге көлемінде көмек тағайындалып, төленді.
Аймақта кәсіпорындар ашып, жұмыспен қамту нәтижесінде кедейлік деңгейі 1,7%-ға дейін төмендеп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 40,7%-ға азайған. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп, 2022 жылмен салыстырғанда 68,6%-ға қысқарған.
Сонымен қатар Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген кешенді мониторинг барысында 675 отбасының тұрмыстық жағдайы жан-жақты зерттелді. Бұл зерттеулер нәтижесінде 115 түрлі кемшілік анықталды. Бұл кемшіліктердің ішінде ең өзектісі – әлеуметтік көмектің негізсіз тағайындалуы. Атап айтқанда, 5,3 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек заңсыз берілгені анықталып, бұл қаражатты бюджетке қайтару қажеттігі белгіленді. Бұл жағдай әлеуметтік көмектің тиімді бөлінуін қамтамасыз етудің маңыздылығын айғақтайды. Аталған кемшіліктер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қадағаланатын болады.
Кедейлікті төмендетудің тиімді тетіктерінің бірі ретінде «Ауыл аманаты» жобасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл жобаның пилоттық аймағы ретінде Сауран ауданы таңдалып, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды экономикалық белсенділік деңгейі жоғары «C» санатына шығару бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жоба аясында арнайы жұмысшы топ құрылып, тұрғындарға кооперативтерге бірігу, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 32 азамат шағын несие алып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, 46 адам бұғатталған банктік шоттарын қалпына келтіруге әрекет жасаған. Бұл көрсеткіштер жобаның халық арасындағы сұранысқа ие екенін және оның тиімділігін дәлелдейді.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасына «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» сынды ірі инвесторлардың тартылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп отыр.
Облыста зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, жұмысшыларды заңға сәйкес еңбек шарттары мен зейнетақы төлемдерімен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрақты табыс көздерін қамтамасыз етуге бағытталған. Кедейшілікті жою жолындағы бұл нақты қадамдар, жүйелі жұмыстар мен мемлекеттік қолдау арқылы, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға және әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасайды. Келешекте бұл жұмыстардың ауқымы кеңейіп, оң нәтижелерінің арта түсетініне сенімдіміз.
