КЕЛЕС: ЖАҢА ЖОБАЛАР АУДАННЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Соңғы жылдары Келес ауданында өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласында айтарлықтай өсім байқалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты жобалармен, инвестициялық серпінмен және жаңа өндіріс орындарының ашылуымен өз нәтижесін беріп отыр.

Былтыр аудан бойынша жалпы 5,4 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, бұл жоспарланған 5,2 миллиард теңгеден артық көрсеткіш. Ал биылғы алғашқы үш айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімі 1,8 миллиард теңгеге жетті.  Өнеркәсіптегі өсім негізінен минералды және алкогольсіз сусындар, күйдірілген қыш өнімдері, су электр энергиясы мен темір бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорындардың есебінен қалыптасты.

Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімінің көлемін 6,2 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында бірқатар жаңа өндіріс орындарын ашу көзделген. Атап айтқанда, Ақтөбе ауылында қыш зауыты, асфальт және темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыт, сондай-ақ гофра-картон өндіретін кәсіпорын іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Жүзімдік ауылынан минералды сусындар шығаратын зауыт ашу жоспарға енгізілген.

Өнеркәсіппен қатар, жеке инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында да үлкен жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба іске асып, нәтижесінде 235 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ал биыл инвестиция тарту көлемі еселеп өсіп, жалпы құны 63,2 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл жобалар аясында 2 180 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Еcoculture-Еurasia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 гектар аумақта жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.

Аталған жобаның жалпы құны 42 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Нұрболат» өндірістік кооперативінің бастамасымен құны 20 миллиард теңге болатын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы қолға алынбақ. Бұдан бөлек, ЖК «Қонысбаев Б.» есебінен 400 миллион теңгеге қонақ үй құрылысын жүргізу көзделуде.

Сондай-ақ «Giga Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданда асфальт және темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыт салуға кірісіп, бұл жобаға 350 миллион теңге көлемінде инвестиция бағыттауда. Ал ЖК «Дюсенбаев Е.» тарапынан құны 500 миллион теңге болатын мейрамхана құрылысы іске асырылатын болады.

Аталған бастамалар аудан экономикасын әртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және инвестициялық ахуалды жақсартуға айтарлықтай үлес қосады. Жобалардың табысты іске асуы – Келес ауданының алдағы жылдардағы дамуына берік негіз қаламақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар