КЕЛЕС: ЖІБЕК ҚҰРТЫНАН – ЖІП, ТҰТ АҒАШЫНАН – ШАЙ өндіретін кәсіпорын салынады

Жібек құртын өсіру, мата өндіру ісі Түркістан облысында дамып келеді. Өңірде тұт ағашын егіп, жібек құртын өндіруге қызығушылық танытып, қаржы салуға дайын инвесторлар қатары көбейіп келеді.  «Асвс ойл» ЖШС өздерінің жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорнын салу үшін Келес ауданының  Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенін  таңдап отыр.  Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев  «Асвс ойл» ЖШС-ның өкілдерін қабылдап, кәсіпкерлермен жаңа өндіріс орнын ашу жайын талқылады.

– Бұл өте ұтымды жоба, сондықтан осы саланы дамытуымыз керек. Жаңа істің пайдасын диқандар әлі білмей жүр. Бұл – ағаш өсіріп, оны ұрпаққа мұраға қалдыратын кәсіп. Суды аз қажет етеді, шығыны да көп емес. Экологиялық тұрғыдан да қолайлы. Жібек өндірісі – әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. Аудан әкімдігі тарапынан қажетті көмектер беріледі, – деді аудан әкімі.

Жоба аясында 60 гектар жер учаскесіне тұт ағашының көшеттері отырғызылып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 780 млн теңге.

Қазіргі таңда аталған жер учаскесі заңды негізде бөлініп, қажетті инфрақұрылым жұмыстары басталды. Атап айтқанда, жер асты су ұңғымасы қазылып, су шығару жұмыстары сәтті аяқталған. Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасындағы әріптестермен тұт ағашының көшеттерін жеткізуге байланысты келісім-шарт жасалды.

Ағымдағы жылы жоба тиімділігін бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округі аумағында 0,5 гектар жерге сынамалық тұт көшеттері отырғызылған болатын. Қазіргі таңда аталған көшеттер жергілікті климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беруде.

Жобаның келесі кезеңінде инвесторлар тұт жапырағынан шай өндіру бағытын дамытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы шай өндіруге арналған заманауи қондырғыларды жеткізу жоспарлануда.

Жібек – жібек құртының пілләсынан өндіріліп, тоқыма-мата өнеркәсібінде пайдаланылатын табиғи талшық. Оны өндіру – аудан экономикасын ары қарай дамытуға мол септігін тигізеді.

Мамандардың пікірінше, асыранды жібек құрты барлық жібектің 90%-ын береді. Көп еңбекті қажет ететіндіктен, бағасы да қымбат. Сондықтан жасанды жібек өндірісін жолға қою – табысты арттырудың тиімді тәсілі. Жалғыз пілләдан алынған талшық тым жіңішке болатындықтан, тікелей өндірісте қолданылмай, тек жібек қасиетін зерттеу үшін пайдаланылады. Жібектің механикалық қасиеттері жоғары, әрі жақсы диэлектрик, 120-130°С ыстыққа төтеп береді, тек 160-170°С-та ғана ыдырай бастайды.

Ал, жібек құртының негізгі азығы – ол тұт ағашы. Бір гектар тұт бауынан орташа есеппен 50 тонна жапырақ алынады. Сондықтан шаруа ұтады.

Жалпы, Келес ауданында  ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларға ерекше мән берілуде.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар